«Ақтөбе» мен «Жайық» командалары Қазақстан кубогына таласады

Фото: Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогында жартылай финалдық кездесулер аяқталды.

Бірінші жартылай финалдық матчта Оралдың «Жайығы» мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары алаңға шықты.

Өткен маусымда ел чемпионатында бесінші орынға тұрақтап, жүлделі орындардан тыс қалған «Жайықты» (бас бапкері Виктор Козик) күшейту үшін Орал волейболының түлектері, команда капитаны Виталий Вориводин, Владимир Прокофьевтің қатарына биыл Виталий Эрдштейн, Борис Кемпа, Михаил Моров сияқты тәжірибелі ойыншылар қосылды. 

Бұл жолы бірінші партияда «Жайық» 25:21 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде Марат Адрышевтің шәкірттері таразы басын теңестірді – 25:15. Дегенмен бұдан кейін батысқазақстандықтар ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ – 25:14, 25:21. Жалпы есеп – 3:1, «Жайықтың» пайдасында. 

Финалға екінші жолдаманы «Ақтөбе» (бас бапкері Сергей Трикоз) мен өткен жылғы кубок және суперкубок иегері, Сергей Грибов жаттықтыратын «Павлодар» командалары сарапқа салды. 

Матч барысында жанкүйерлері қызу қолдаған ақтөбеліктер бірінші партияны өз есебіне жазды – 25:18. Екіншісінде павлодарлықтар есе қайырды – 25:21. Дегенмен алаң иелері өз дегеніне жетті – 25:23, 25:16. Жалпы есеп – 3:1. Команда капитаны Айбат Неталин, Дамир Әкімов, 42 жастағы украиналық байланыстырушы Роман Хандролин, Надирхан Қадырханов сияқты тісқаққан волейболшылар «Ақтөбені» өрге сүйрей білді. 

Осылайша, 13 қазан күні финалда ақтөбеліктер мен оралдықтар ел кубогы үшін таласады. «Павлодар» мен «Жетісу»» қола жүлде үшін алаңға шығады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан кубогында жартылай финалға шыққан командалар белгілі болғанын жазған едік.