Ақтөбе мыс компаниясындағы жұмысшы өлімінен соң қылмыстық іс қозғалды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе мыс компаниясындағы жұмысшы өлімінен Қылмыстық кодекстің «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды.

- Қазір сот алды тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның қалай болғаны анықталады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ал «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің баспасөз қызметі кәсіпорын тергеуге көмек көрсететінін жеткізді.

- 18-қыркүйек сағат 23:15-те байыту фабрикасында төтенше жағдай болып, салдарынан бір жұмысшы көз жұмды. Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр, себеп-салдары анықталуда. Кәсіпорын тергеуге жан-жақты көмегін көрсетіп жатыр. Кәсіпорын басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады, материалдық көмек көрсетіледі,- деді компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, мыс компаниясында ұсақтаушының үстіне кен опырылып түсті. Қазіргі кезде Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.