Ақтөбе облысы су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Фото: pixabay

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 87 эвакуациялық пункт әзірленді. Сонымен бірге азық-түлік жеткізу үшін де келісімшарт жасалған. Биыл су тасқыны тіркелсе, резервте 3,9 млн теңге қаржы бар. Ал алдын алу жұмыстарына 389 млн теңге бөлінді.

Былтыр суға кеткен аумақтар ерекше бақылауға алынды

2023 жылы Ақтөбеде Ойыл және Қобда аудандарында су тасып, ауылға кірген болатын. Төтенше жағдай кезінде бірнеше үй құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Былтырғы тасқын қайталанбас үшін өзен жағасын бекіту, бөгет салу жұмысы атқарылды. 

- Ойыл ауданы, Қаратал ауылы бойынша 2023 жылдың күзінде қорғаныс бөгеті көтерілді. Ұзындығы - 2 мың метр. Қаратал ауылына апаратын аудандық жол жөнделді. Жолға қосымша су өткізу құбырлары салынды. Су тасқыны кезінде жағдайды бақылаймыз. Қазір қауіп барынша азайды. Ал Қобда ауданында қорғаныс бөгеті салынды. Сауқайың лиманды суару жүйесінде қосымша 8 шлюз орнатылды. Бұл су реттеуге қажетті амал. Осы жолмен суды Үлкен Қобда өзеніне жібереміз. Қобда өзені жағалауында да қорғаныс бөгеті салынды. Оның ұзындығы 1200 метр болды, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы Әлішер Сарбаев. 

Синоптиктердің болжамы бойынша, күн енді күрт жылынады. Қазіргі кезде Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Темір, Ырғыз аудандарында жолдарды су шаю қаупі бар.

Өңірде 87 эвакуациялық бекет әзірленді

Ақтөбе облысы бойынша республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда орналасқан су өткізу құбырларында тазарту жұмыстары аяқталып қалды. Қазір атқарылған жұмыс үлесі 95% құрайды. Бұл дегеніміз - 2234 құбыр мен 608 көпір. 

- Облыста 36 елдімекен бақылауда тұр. Онда 11 мыңға жуық адам тұрады. Барлығы 11 ауылда қауіп жойылса, 10-ында азайды. Дегенмен әлі де 15 елдімекенде қауіп бар. Олар Мәртөк, Ойыл, Қобда, Темір аудандарында орналасқан. Төтенше жағдайлар қызметі ақпан айынан бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Шұғыл қимылдайтын отрядқа 40 қызметкер бекітілді. Қандай да бір төтенше жағдай болса, сол қызметкерлер тез жетеді. Өңір бойынша 87 эвакуациялық бекет әзірленді. Эвакуация бекетіне қажетті азық-түлік үшін 60 келісімшарт жасалды, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бөлім бастығы Тарс Коваленко. Оның айтуынша, биыл су тасқыны тіркелсе, резервте 3,9 млн теңге қаржы бар. Ал алдын алу жұмыстарына 389 млн теңге бөлінді.

Тоң мен қар қалыңдығында өзгешелік жоқ

Ақтөбе облысы бойынша ең терең тоң қалыңдығы 150 см құрайды. Бұл Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов ауылында тіркелген. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, былтыр да осы көрсеткіш тіркелген. Ал қалың қар Мәртөк ауданының Родниковка ауылында тіркелді. Мұндағы қар қалыңдығы 92 см құрайды. 

- Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларына әлі су келіп жатқан жоқ. Ақтөбе су қоймасы 57, Қарғалы 53, ал Сазды су қоймасы сыйымдылығының 49 пайызында су бар. Былтыр бұл уақытта Сазды су қоймасы толып тұрды. Ал Ақтөбе су қоймасында су 95% болды. Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, 20-25 наурыз аралығында күн күрт жылынады. Ескерту келді. Облыстың оңтүстігі қазір бақылауда. Онда қар еріп кетті. Қала бойынша әлі де Қарғалы мен Елек өзені бойында орналасқан саяжайларда қауіп бар,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД бөлім бастығы Тарс Коваленко.

Ақтөбе қаласын тұрғындарынан 300 өтініш түсті

Ақтөбе қаласында қазір су тасқынына қарсы штаб жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде 300-ден астам өтініш түскен. Тұрғындар су сору, инертті материалдар жеткізіп беруді сұраған. 

- Алдымен мамандар барып, қарайды. Жағдайға көз жеткізгенде ғана көмек беріледі. Қалада су тасқынына қарсы жұмыстарға 400 млн теңге қарастырылды,- деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекзат Тұрғалиев. 

Еске салсақ, былтыр Ақтөбенің Ойыл және Қобда ауданында су тасқыны болып, адамдар эвакуацияланды. Екі ауданда да төтенше жағдай жарияланды