Ақтөбе облысында 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды — прокуратура

Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл Ақтөбе облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында 300-ден астам нақты факті бойынша шара қабылдады. 

Тексеру барысында бизнеске заңсыз араласудың 6 дерегі анықталған. Соның бірі – «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының индустриялық аймағында жұмыс істейтін 17 инвестор электр энергиясын заңды тұлғаларға арналған жоғары тарифпен тұтынып, негізсіз артық төлем жасап келген.

Прокуратураның араласуымен олардың тарифі 49,99 теңгеден 38,86 теңгеге дейін, яғни 11 теңгеге төмендетілді.

Тағы бір мысал, прокурордың апелляциялық өтініші негізінде «Техносервис» ЖШС-нің пайдасына сот шешімімен 100 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Компания кәріз жүйелеріне техникалық қызмет көрсеткенімен, тапсырыс беруші орындалған жұмыс үшін төлем жасаудан бас тартқан.

- Барлық деректер бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді. Мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірқатар лауазымды тұлға ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша жауап берді, - деп жазды бақылаушы органнан.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 77 жүк көлігін заңсыз тіркеген ұйымдасқан топ ұсталды.