Ақтөбе облысында қала әкімі пара алды деген күдікпен ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алды деген күдікпен ұсталды. Енді ол тергеу аяқталғанша қамауда отырады.
- Сот 2 айға санкция берді. Өзге ақпарат берілмейді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Хромтау ауданы әкімдігінің ресми парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, 40 жастағы Сағындық Шабықбаев осыдан екі жыл бұрын қала әкімі қызметіне кірісті. Оған дейін әкімнің орынбасары болған. Еңбек жолын 2008 жылы Әйтеке би ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады. 2016 жылы әкімшілікте қызмет етті. 2017 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің аппаратында жұмыс істеп, 2018-2023 жылдары аралығында қала әкімінің орынбасары болды.
Еске салсақ, бұған дейін Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья Ақтөбе облысы әкіміне жеке қаулы шығарды.