Ақтөбе облысында мал ұрлығына күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысында полицейлер мал ұрлығына күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі азамат қолға түсті.

Мартөк ауданы аумағындағы орман алқабында күдіктілер заттай дәлелдермен ұсталды.

Олардың бірі ұрланған жылқының етін сол жерде бөліп жатқан сәтінде қолға түскен. Тергеу мәліметіне сай, күдіктілердің бірі жайылымдағы жылқыны орманға айдап әкеліп сойған.

Ал екіншісі делдал ретінде етті қала базарында сатуды жоспарлаған.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері жылқының сойылған етін, сондай-ақ күдіктілер пайдаланған көлік құралдарын – мотоцикл мен жол талғамайтын автокөлікті тәркіледі.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Полиция мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмауды және сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Сондай-ақ күдікті әрекеттер байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.

Айта кетейік, жақында Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топ құрықталды.