Ақтөбе облысында су басқан қыстақтағы шаруалардың шығыны қалай өтеледі

Фото: Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шаруалардың үйі мен қорасын қалпына келтіру үшін ірі компаниялармен келіссөз жүргізгенін айтты.

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептелгенімен, әлі өтелмеді. Kazinform тілшісі облыс әкімі Асхат Шахаровтан осы бағыттағы жұмыс жайын сұрады.

- Қыстақтар бойынша, жергілікті аудандық комиссиялар бағалауды өткізді. Соған байланысты шешім қабылданды. Қазір ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп келдік. Көмек береміз деп жоспарлап отырмыз. Келісім бойынша комиссияда қандай шешім қабылданды, солай болады. Жалпы бізде 165 қыстақ зардап шекті. Онда қорасы, үйі бар. Бірақ көбінде құжаты жоқ, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс шаруаларының жалпы шығыны 725 млн теңге болып тұр. Ақша «Парыз» қоры арқылы беріледі. Жапа шеккендердің көбі — Ырғыз бен Ойыл аудандарында.