Ақтөбе облысында жергілікті грант иегерлері анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 16–18 тамыз күндері талапкерлерден өтініштер қабылданды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімді мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурстық комиссияның білім саласы бойынша соңғы отырысы өтті. Комиссия мүшелері 2025–2026 оқу жылына бакалавриат деңгейінде білім алуға бөлінген 40 грант бойынша талапкерлердің өтініштерін қарап, оның иегерлерін анықтады.
Отырыста баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева грантқа қабылдау 5 сала, 24 мамандық бойынша жүргізілгенін мәлімдеді. Конкурсқа барлығы 59 өтініш түсті, оның ішінде 58-і — Ақтөбе облысының мектеп және колледж түлектері, біреуі — Атырау облысынан.
— Грант иегерлері 2025 жылғы ҰБТ нәтижелеріне сәйкес анықталды, ал балл тең болған жағдайда оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдай ескерілді. Нәтижесінде «Химия пәні мұғалімі» 3 орынға — 14 өтініш, «Көркемеңбек мұғалімі» 2 орынға — 13 өтініш, «Гидромелиорация» 2 орынға — 10 өтініш, «Ветеринария» 2 орынға — 7 өтініш, «Балық шаруашылығы» 1 орынға — 5 өтініш түскен, бұл мамандықтар бойынша бәсекелестік жоғары болды, — дейді басқарма басшысы.
Ал математика, физика, режиссура, сценография, орындаушылық өнердің бірқатар бағыттары және инженерлік мамандықтарға түсуге ниет білдірген үміткерлер болмаған. Осыған байланысты 16 орын бос қалды. Комиссия мүшелеріне аталған бос гранттарды сұранысы жоғары мамандықтарға қайта бөлу ұсынылды. Бөлініс мынадай болып бекітілді: химия — қосымша 3 орын, гидромелиорация — қосымша 6 орын, ветеринария — қосымша 4 орын, балық шаруашылығы — қосымша 2 орын, автоматтандыру — қосымша 1 орын.
Комиссия шешімімен 2025–2026 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын грант иегерлерінің тізімі бекітіліп, көпшілікке жарияланады. Сонымен қатар, қабылданған студенттердің оқу үлгеріміне тұрақты мониторинг жүргізіліп, бітірушілердің еңбекке орналасуы бақылауға алынбақ.
Грант иегерлерінің тізімін көру үшін сілтемеге өту қажет.
Бұдан бұрын биыл да 3 мыңға жуық жас білім грантынан бас тартуы мүмкін екені белгілі болды.