Ақтөбе облысындағы Ор өзенінен екі адамның денесі табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысында өзенге батып кеткен екі адамның денесі судан шығарылды.
25 маусым күні 1959 жылы туған жергілікті тұрғын мен оның кәмелетке толмаған немересі Кұдыксай ауылынан Toyota Hilux автокөлігімен Бозжыр аумағына қарай шығып, қайтып оралмағаны туралы хабар келіп түскен. Шұғыл түрде іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, оған ТЖД-ның сүңгуір тобы тартылды.
- 26 маусым күні сағат 19:30 шамасында Кұдыксай ауылы маңындағы Ор өзенінің арнасын зерттеу барысында автокөлік табылды. Сүңгуірлер жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2,5 метр тереңдіктен, жағадан 4 метр қашықтықта баланың денесі, сондай-ақ көлік пен ер адамның денесі судан шығарылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы Төтенше жағдай департаментінен.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Ақтөбе облысының ТЖД аймақ тұрғындарын су айдындарының маңында және қиын қолжетімді жерлерде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында анасы мен баласы өзенге ағып кеткенін жазған едік.