ОРАЛ. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы жағдайға байланысты халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент жолында қозғалыс шектелді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, аталған жолдың 394-526 шақырымында (Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) бүгін сағат 10.20-дан бастап жеңіл көліктерге шектеу қойылды.
Шектелу себебі – Ақтөбе облысында Қобда кентін су басқан.
Жүк көліктеріне шектеу қойылған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Самара-Шымкент жолының екі учаскесін су басқанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ БҚО-ның тағы бір ауданында үйлерді су басты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).