Ақтөбе облысында құм тоқтату жұмысы нәтиже бермеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбедегі елдімекендерде 500 мың көшет егу міндеті бар. Ал орман алқабын молықтыру жоспары — 60 млн 289 мың түп екпе материал. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Таласбаев көгалдандыру, абаттандыру және құм тоқтату жұмыстары жайын айтып берді.
— Ақтөбе облысы — жазық дала, шөл және шөлейтті аймақ. Бізде жасыл желек аз деп те жиі естиміз. Еліміздегі территориясы ең үлкен өңірде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қалай іске асып жатыр?
— Ақтөбе және аудандарда көгалдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс 180 елдімекен бар. Оның 136 елдімекенінде дендрологиялық жоспар әзірленді. Қалғанында бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс.
— Дендрологиялық жоспар нені білдіреді?
— Ол — елдімекендегі көшет егу картасы. Карта сызу кезінде топырақтан сынама алынады. Тал егуге келе ме, келмей ме деген сұраққа жауап іздейміз.Негізі елдімекен ішінде тал егу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Бәрі бәсекелестік ортаға сай, яғни, Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді, мердігер анықталады.
2021-2025 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі елдімекендерде 15 млн түп көшет егілуі тиіс. Оның ішінде Ақтөбеде 500 мың көшет егілуі керек. Қазіргі уақытта 332 мың түп ағаш отырғызылды. Бұл жоспардың 66% тең болып тұр. Енді 168 мың көшетті биыл егіп болуымыз керек. Биыл көктем ерте туды. Кім қанша түп көшет отырғызып үлгергені туралы ақпаратты енді жинақтап жатырмыз.
— Есебі қалай жүргізіледі?
— Бөлімдегі бас маман есепті жүргізеді. Негізі әр ауданнан жинақталады. Сонымен бірге облыс әкімінің тапсырмасына сай арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында қоғам белсенділері, аудандағы қоғамдық кеңес төрағалары, аудан, ауылдық округ әкімдерімен бірге акт жасап, тексеру жұмыстарын бастаймыз. Бұл 5 мамыр күні басталатын жұмыс. Қазір шыға алмай жатырмыз. Себебі бұдан өзге орман алқабын молықтыру мақсатында елімізде 2 млрд түп екпе материал егілуі тиіс.
Ақтөбе облысы бойынша 5 жылдық жоспар бекітілді. Бізде 30 700 гектар жерге өскін егілуі керек. Бұл дегеніміз — 60 млн 289 мың түп екпе материал. 2025 жылы 8 600 гектар жер игерілуі тиіс. Бұл деген 15 млн түп екпе. Шамамен жылдағыдан үш есе көп болып тұр. Ал бүгінге дейін егілге екпе материалдың шығымы — 60%. Шықпай қалса толықтырады.
— Бізде 15 млн түп екпе материал табыла ма?
— Бізде 7 тәлімбақ бар. Тағы 3 тәлімбақ ашу жоспарланды. Жері белгіленіп, берілді. Тәлімбақ — орманның жүрегі. Онда көктем мен күзде отырғызылатын екпе материал әзірленеді. Тек орман алқабына қажетті екпе емес, жеміс ағашы, сәндік ағаш пен қылқанжапырақты ағаш ету басталды. Негізі қазіргі уақытта тәлімбақта 9 млн 600 мың түп екпе материал бар. Мамыр айында тұқым шашу маусымы басталады. Сөйтіп күзге және 2026 жылғы көктемге дайындық жалғаса береді. Биыл сол тәлімбақтан 4,5 млн түп екпе материал алып, ектік.
Көктем ерте туғанын ескерсек, Ақтөбе тек осы аптаның соңына дейін көшет еге алады. Қазір талдың ояну процесі басталып етті, яғни, бүр жарды. Егер егу тәртібі сақталмаса шығымының пайыздық үлесі түсіп кететіні белгілі. Еккенмен пайдасы болмайды, шықпай қалуы ықтимал. Айта кетейін, екпе материалды арнайы техниканың көмегімен егеді. Екі жағында екі адам отырып жыртылған жерге қадайды. Кейде материалдық-техникалық мүмкіндіктің жетіспейтіні байқалады. Сол кезде жыл сайын сұраныс беріп, қажетті заттар сатып алынады, техника жаңарады.
— Қандай техника қажет?
— Екпе жұмыстарын жүргізетін техника тез ескіретіні белгілі. Соқа да тез бұзылады.
— Бізде жұмыс екі бағытта жүріп жатыр. Бірі елдімекенді көгалдандыру, екіншісі орман алқабын молықтыру. Біріншісіне 5 жылға жуық уақыт болды. Жауапты жергілікті атқарушы билік сіздерге қанша қаржы бөлгені туралы есеп бере ме?
— Қаржысы туралы емес, егілген көшет санын сұраймыз.
— Бұл жұмыс мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүргізіледі. Мердігерлерге қандай талап қойлады?
— Келісімшарт аясында егу, суару, күту жұмыстарын атқаруға міндетті. Бір жыл ексе, екі жыл күтіміне жауапты.
— Ақтөбеге ағаштың қай түрі егіледі?
— Көбіне шаған (қарағаш), терек секілді Ақтөбенің ауа райына төзімді ағаш егіледі.
— Бізде ағаш паспорттау жұмысы басталған еді. Бұл жоба не болды?
— Талды паспорттау жұмысын жергілікті атқарушы орган атқарады. Ол жөнінде басқармаға ақпарат бермейді. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман алқабына басымдық береді. Өткен аптада ғана «Мектеп орманшылығы» жобасы басталды. Жоба аясында биыл оқушылар орман алқабына барып көшет екті. Енді оны суарады, күтімін жүргізеді. Апта сайын барып, ағаштарын түптеп тұрады. Одан бөлек тәлімбақта тұқым сеуіп, өсіреді.
— Енді өңірдегі құм тоқтату жұмыстарына тоқталсақ…
— Ақтөбе облысы бойынша 4 аудандағы 19 елдімекенде құм көшкіні жүреді. Ол Шалқар, Ырғыз, Темір, Байғанин аудандары. Ырғыздың Жарма ауылында құм тоқтату жұмысы аяқсыз қалды. 2022 жылы басталды бұл жердегі жұмыс. Қоршау жасап, көшет екті. Бірақ тамшылап суару жүйесі жоқ, ұңғыма қазылмаған. Сол себепті екпе материал дұрыс шықпаған. Жоба құны — 150 млн теңге. Оның 120 млн теңгесі игерілген. Бұл туралы Мемлекеттік аудит тексеріп, кейін сол құжат негізінде сот алды дайындық жүрді.
Екіншісі Байғаниннің Жарқамыс және Баршақұм ауылдарында жүргізілді. Қазіргі уақытта 160 млн теңге төленді. Оған қоршау жасалып, ұңғыма қазылды. Екпе материал егілді. Тек уақытылы суармаған, шығым төмендеді. Кепілдік мерзімі болған соң мердігер олқылық орнын толтыруы тиіс. Шолу жұмыстарынан соң хабарлама берілді, күз бен көктемде қайта екпе материал егеді. Құмға қарағаш, сексеуіл, жүзген егіледі. Ал Шалқардағы Жылтыр ауылында орман шаруашылығы екпе жұмысын жүргізді. Қазір шығымы жақсы. Қоршауы бар. 2024 жылы көктемде екті, биыл жақсы шығып тұр.
— Алда тағы қай ауылдар қамтылады?
— Жобадан оң нәтиже көріп тұрғанымыз жоқ. Ырғыздың Жарма ауылында нәтиже болмады. Байғаниндегі жұмысты алдағы уақытта көрсетеді. Енді облыстағы 9 орман шаруашылығы мекемесі осы іспен айналысса деп ойлап отырмыз. Ол үшін құм басқан аумақты балансқа алу керек. Кей жерде бұл жұмыс басталды. Байғаниннің Баршақұм ауылында құмның үстіне сексеуіл тұқымы себілді. Қазір өсіп тұр.
Еске салсақ, Ақтөбеде құм тоқтату үшін 2021-2026 жылдарға арналған жоба дайындалған. Жарма ауылындағы құмды аумақта — 11 га, ал Байғанин ауданындағы екі ауылда — 21 гектар жерге қоршау салу жоспарланды.
Ал былтыр Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылында құм тоқтату жұмысы басталды. Ауылға 20 мың түп көшет егу міндеті қойылды. Ол үшін алдымен құм шығарып, кейін көшет егу қарастырылды. Оған 7 млн теңге бөлінді.