Ақтөбе облысында 56 ауыл кәсіпкері несие алды
Жобаның негізгі бағыты - әрбір азаматтың жеке қосалқы шаруашылығы негізінде ұсақ тауарлы өндірісті ұйымдастыру.
«Жеңілдетілген шағын несие беру арқылы облысымызда, оның ішінде ауылдық жерлерде отбасылық мал шаруашылығы, шағын жылыжай және сүт фермаларын ашу көзделіп отыр», - дейді Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиев.
Жобаны іске асыруға бөлініп отырған қаржы - 4,3 млрд теңге. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттің қаражаты мен «Алмэкс» ХК АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан бөлінген қаржы есебінен 900,0 млн теңге және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан 900,0 млн теңге бөлініп отыр. Жеке отбасылық шаруашылығын құруды көздеген ауылдықтар 6 млн-нан бастап 17 млн теңгеге дейінгі қаржыны 6-8,3 пайыз арасындағы өсіммен және 5 жыл мерзіммен несиеге ала алады.
«Бұл жобаның жүзеге асырылуының нәтижесінде мыңнан астам жұмыс орындарының ашылуы, жалпы мөлшері 5 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде 2 мың тоннадай ет, 3 мың тоннадай сүт, 500 тоннадай көкөніс түрлерінің өндірілуі күтілуде»,- дейді Алтынбек Әмірғалиев.
Өнімді дайындау пункттері арқылы еттің «Молочные истории» ЖШС-ның ет комбинатына, сүттің «Айс+» ЖШС, «Молочные истории» ЖШС сүт зауыттарына жіберіліп, өндірілген дайын өнімдер ішкі және сыртқы нарыққа шығарылмақшы.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында жыл басынан бастап ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен облыстың барлық аудандарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
2016 жылдың 15 наурызы жағдай бойынша, бұл жоба аясында барлығы 56 адамға жалпы сомасы 170,4 миллион теңге болатын шағын несие берілді.
«Облыста «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар әрі қарай жалғастырылмақшы», - дейді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.