Ақтөбе облысында ауыл әкіміне үміткерлердің құжаты қабылданып жатыр

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ауыл әкімін сайлау науқаны басталды. Қазіргі кезде 8 үміткер өзін-өзі ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 141 ауылдық округ бар. Биыл жұмыс істеу мерзімі аяқталған ауылдарда әкімдер сайланады. Барлығы 35 округ тізімге алынды. Облыстық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларына барлық ережені түсіндірді. Үш күн бойы арнайы семинар өткізіліп, 12 аумақтық сайлау комиссиясы жұмысын бастады. Құжат қабылдау жүріп жатыр.

«Саяси партиямен қатар адамдар өзін-өзі ұсына алады. Жасы 25-ке толуы керек. Қазақстан азаматы ғана үміткер бола алады. Қылмыстық жауапқа тартылды ма, әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берді ме деген сұрақтар да қаралады. Өзге облыстың тұрғыны да Ақтөбедегі ауылға әкім ретінде үміткер болып тіркеле алады. Қазіргі кезде 8 үміткер құжаттарын тапсырды. Оның жетеуі Шалқар, біреуі Байғанин ауданы бойынша үміткер. Өзін-өзі ұсынғандардың бәрі жоғары оқу орнын бітірген. Үш заңгер, үш педагог, екеуі техникалық білім алған. Орташа жасы – 37. Шалқарда төрт округ әкімі өзгереді. Олар: Кішіқұм, Шетырғыз, Ақтоғай, Есет Көтібарұлы», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева.

Айта кетейік, кейбірі сол ауылда тұрмаса да үміткер ретінде тіркелді. Бұл кез келген Қазақстан азаматының құқығы.