Ақтөбе облысында жол полициясының басшылығы алатаяқ ұстап, көшеге шықты

АҚТӨБЕ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - 7-9 ақпан аралығында Ақтөбе облысында «Қауіпсіздік белдігі» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.

Осыған орай облыстық ІІД-нің жеке құрамы қызметін күшейтілген режимде атқаруда.

Бүгін облыс орталығының көшелеріне қолына алатаяқ алып ЖПБ бастығының орынбасары Ерлан Алтынбаев та шығады. Жол полициясының басшылығы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын алдын алуға осылайша үлес қосуды шешті, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Е.Алтынбаевтың айтуынша, тағылған қауіпсіздік белдігі апат кезінде жолаушының бірінші және басты қорғаушысы болып табылады. Заманауи қауіпсіздік жастықтары да өте маңызды, бірақ олар соқтығысу кезінде адам орнында отырып қала бергенде ғана тиімді. Ал мұны тек қауіпсіздік белдіктері ғана қамтамасыз ете алады, дейді ол.

Жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде ерекше назар жол жүру ережелерінің өрескел бұзушылықтарын алдын алуға, қауіпсіздік белдіктерінің, балаларды тасымалдауға арналған арнайы құрылғылардың пайдаланылуын қадағалауға, көлік құралдарын жүргізу кезінде қалта телефондарын пайдалануға және автомобиль терезелерін қараңғылатуға тыйым салуға аударылатын болады.