Ақтөбе облысының прокуратурасы 1930-40 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 22 азаматты ақтау туралы шешім қабылдады

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ақтөбе облысының прокуратурасы 1930-40 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 22 азаматты ақтады.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан мәлім етті.

Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау мәселесі бойынша тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Сол кезде қозғалған кезекті қылмыстық істерді таяуда Ақтөбе облысының прокуратурасы қарады. Анықталғандай, Қазақстандағы Біріккен мемлекеттік саяси басқару (БМСБ) өкілетті өкілдігінің (ӨӨ) жанындағы «үштіктің» 1930 жылдың 6 желтоқсанындағы қаулысымен, банда жасақтарын құрғаны үшін, Ақтөбе округі Шалқар ауданының 6 ауылында шаруашылық компаниялардың енгізілуіне қарсы шыққаны үшін, округтің оңтүстік аумақтарына халықтың көшуін ұйымдастырғаны үшін, Кеңестік үкіметке қарсы антикеңестік үгіт жүргізгендері үшін Ресей Кеңестік Федеративті Социалистік Республикасының Қылмыстық кодексінің 58-8, 58-10 және 59-3 баптары бойынша 22 азамат кінәлі деп табылды. Олардың 4-еуінің - мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілді; 3-еуі - 10 жылға; 7-еуі - 5 жылға; тағы 2-уі 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды; 3-уі белгіленбеген мерзімге Қазақстан аумағында жер аударылды; 3-уі - мерзімдерін алдын ала қамауда өтегендіктен, босатылды.

Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 4-ші және 5-ші баптарын негізге ала отырып, Ақтөбе облысының прокуратурасы қылмыс құрамы табылмауына байланысты аталмыш 22 тұлғаға қатысты қозғалған қылмыстық істерді тоқтатты. ҚР «Жаппай саяси қуғын-
сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес оларды ақтау шешімі қабылданды.

Тарих беттеріне сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, тағы 25-і ату жазасына кесілді.

Бүгінгі күнге дейін республикада Қазақстанға жер аударылғандарды қоса алғанда заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 350 мың адам ақталды. Мұрағатты құжаттарды қарау жұмыстары жалғастырылуда.