Ақтөбе-Орск бағытында жолға шыққандар балшыққа батып қалды

Фото: Фото: Әлеуметтік желіден

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеден Ресей шекарасына дейінгі аралықта бірнеше көлік жолда қалды. Бұл аумақтағы қайта жаңғырту жұмысы қашан аяқталары белгісіз.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының хабарлауынша, Ақтөбе-Орск бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың жалпы ұзындығы 120 шақырымнан асады. Оның 96 шақырымына орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. 

- Мердігерлер айналма жол әзірледі. Қазіргі кезде сол айналма жолға инертті материал төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы. 

Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск бағытындағы жолдың 45-75 шақырым аралығында 2023 жылы реконструкция жұмысы басталды. Қазіргі кезде бұл жол құрылысының 70-80 пайызы аяқталып, тасжолда жүруге рұқсат берілген. Дегенмен былтыр пайдалануға берілген кезде-ақ жолда олқы тұстары болды. Оны жою мердігердің міндеті. Жоба құны – 5,9 млрд теңге. 

- Қайта жаңғырту жұмыстарына бөлінген қаржының 5 млрд теңгесі игеріліп тұр. Төртінші санатты жолды қайта жаңғыртуда су өткізгіш құбырларын салу қарастырылған. Жалпы 7-17, 45-75 аралығы жөнелген болса, 17-45 шақарым аралығы 2018 жылы жөнделді. Биыл күтіп ұстау жұмысына тапсырыс беріледі,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев. 

Айта кетейік, Ақтөбеде былтыр салынған жолдардан ақау шығып жатыр. Ақтөбе қаласында жолдағы ой-шұңқырды жамауға 250 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс бір мердігерге жүктелді.