ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінен мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы аумағына әкелуге және әкетуге шектеу салынған құралдарды анықтау мақсатында, тамыздың 16-сы күні Ақтөбе облысы бойынша «Жайсан» кеден бекеті аумағына кірген «Drоqmоller» маркалы Ақтөбе-Орынбор бағытындағы автобусқа мінген жолаушылардың жеке заттары мен жүктеріне кедендік тексерулер жүргізілді.
Нәтижесінде аталмыш бекеттің кинолог-маманы С.Тоқтаровтың қызметтік-іздестіру иті жүк бөлігінен, ішіне төрт шелпек нан, бір қорап шоколад, екі шөлмек коньяк, тез даярланатын екі кеспе көже мен бес қорап шай салынған азық-түлік сөмкесін табады. Жіті тексеру барысында шай қораптарының ішіне салынған ерекше иісі бар қоңыр түсті затқа назар аударылып, сараптама қорытындысы оны жалпы салмағы 1531,38 грамды құрайтын - кептірілген марихуана екендігін анықтады.