Ақтөбе полициясы оқушыларды білім мен спорт сайысына жіберу ережесін түсіндірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе полициясы мектеп директорларына білім мен спорт сайысына оқушыларды жіберу ережесін түсіндірді. Жыл басынан бері 400-ден астам жол-көлік оқиғасы болып, онда 15 кәмелетке толмаған жасөспірім көз жұмды. 

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі мектеп және колледж директорларын жинады. Оларға және орынбасарларына балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін түсіндірді. 

- Жыл басынан бері жасөспірімдер 42 қылмыс жасады. Олардың арасында бұзақылық, тонау, интернет алаяқтығы тіркелді. Жиында осындай қылмысты болдырмау жолы айтылды. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ақтөбеде мұндай оқиға тіркелгені рас. ІІМ мен Оқу-ағарту министрлігінің біріккен бұйрығы негізінде балалар тасымалы кезінде арнайы ереже сақталуы тиіс. Ереже бойынша үш күн бұрын хабар беріп, ілесіп жүруге өтініш берілуі керек, - деді Ақтөбе облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов. 

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ереже бойынша оқушы білім, спорт, мәдени жарысқа барар болса, алдымен сынып жетекшісіне, мектеп директорына, білім бөлімінің басшысы хабардар болуы тиіс. 

- Жыл ішінде ұйымдастырылатын, балалар қатысатын шаралар тізімі полицияға беріледі. Полиция да алдын ала біліп отырады. Тасымал үшін қаржы бөлінеді. Қаржы ұйымдастырылатын шара ауқымына қарай әртүрлі қарастырылады, - деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Айта кетейік, Ақтөбе облысында қыста олимпиадаға бара жатқан балалар жол апатына ұшырап, 2 оқушы көз жұмды. Ал, таяуда Әйтеке би ауданынан Маңғыстаудағы футбол турниріне бара жатқан балалар мінген көлік апатқа ұшынап, онда 5 оқушы мерт болды.