АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі кезде дәнді дақылдардың тең жартысы жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Әйтеке би және Хромтау аудандарына барып, егін жинау науқанымен танысты. Шаруалармен кездесу кезінде ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны енгізуге тапсырма берді.
«Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Техника, тұқым, тыңайтқыштар сатып алу үшін субсидияны толық көлемде бөліп, егін егу және астық жинау науқандары кезінде арзандатылған жанармаймен қамтамасыз етті. Өз кезегінде, сіздер де жерді барынша тиімді пайдаланып, оның құнарлылығын сақтап, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновацияларды енгізулеріңіз керек. Тек сонда ғана өнімнің жоғары түсімділігі мен сапалылығы қамтамасыз етіледі», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, биыл өңірде егіс алаңы 15 пайызға артып, барлығы 754 мың гектарды құрады. Оның 444 мың гектарына дәнді дақылдар егілсе, тең жартысын шаруалар жинап алды. Қазір гектарынан 9 центнер астық жиналып жатыр.
«Облыс басшысы Хромтау ауданына сапары кезінде май экстракциялау зауытының құрылысымен танысты. Жоба құны - 1,2 млрд теңге. Оның 796 миллион теңгесін «Қазагро» АҚ қаржыландырды. Жергілікті атқарушы билік су құбыры мен электр желісін жеткізуге қолдау көрсетті. Әрі газ құбыры және теміржол байланысы қамтамасыз етіледі. Мұнда күнбағыстан өзге мақсары, зығыр, рапс және соя өңделетін болады. Зауыт ашылған кезде 100 адам жұмысқа орналасады. Өндіріс орны қазанда іске қосылып, өнімнің негізгі бөлігі Қырғызстан, Тәжікстан,Түрікменстан, Қытай және Ауғанстан елдеріне экспортталады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.