Ақтөбе: Судья сот отырысын өткізу үшін лаңкестерге абақтыға келіп тұрады
«КТК» арнасының хабарлауынша, судья қауіпсіздік үшін отырысты сонда өткізу туралы шешім шығарған. Қазір жабық мекеменің маңайы толық қоршауға алынды. Тіпті, сондағы өзге сотталушылардың жақындары сәлем-сауқаттарын жеткізе алмай жүр.
Лаңкестік оқиғаға қатысты осы күнге дейін 66 жәбірленуші мен 41 куәгерден жауап алынған. Олар қару-жарақ дүкендеріне жасалған шабуыл туралы айтып беріпті. Енді қалғаны - әскери бөлімде болған атыстың мән-жайын білу. Ол кезде мемлекеттік құпия мәліметтер айтылады. Процесті абақтыға ауыстырудың тағы бір себебі осы екен.
"Атышулы процесстің ашық өтуін сотталушылардың туыстары мен аймақтағы жиырмаға тарта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері талап еткен болатын. Тілшілер өткен аптада облыстық сот пен Бас прокуратураға арыздарын тапсырды. Бірақ ондағылар мұны құптамаған. Өйткені, куәгерлер қарсы болған.
Сот алдында 29 айыпталушы жауап беріп жатыр. Солардың бірі Жаңабай Қуанышбаевты лаңкестік оқиғадан бұрын ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеп жүрген екен. Өйткені ол жұртты бұрыннан жиһадқа шақырып келген. Ал сот отырысы күнде өтуде. Соған қарағанда, үкім жақын арада шығып қалуы мүмкін", - деп хабарлады телеарна.