Полицейлер Бағдат Қайралап пен Ринат Мұхамеджанов Ақтөбедегі үй аулаларының бірінен «Ниссан» маркалы көліктің қолды болғаны туралы хабар алады. Із кесу шаралары кезінде ұрланған көлік Қостанай облысының Денисов ауданынан табылды.
«Тәртіп сақшылары көлікті Перелески ауылындағы жер үйлердің бірінен тапты. Олар ІІД кезекші бөліміне болған жайды айтып, күдіктінің аулаға шығуын күтеді. Көп уақыт өтпей, полицейлер көлік ұрлаған азаматты қолға түсірді. Ол 28 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шықты», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Кейін анықталғандай, күдікті бір жыл бойы көрмеген анасына келу үшін көлік ұрлап кеткенін айтты.
Қазіргі уақытта Денисов аудандық ішкі істер бөлімі тергеу жұмыстарын жүргізуде.