Ақтөбеде 100 мың теңге пара алған полицей 7 жылға бос бостандығынан айырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қылмыстық іс Алға аудандық сотында қаралды. Сотталушы жәбірленушінің заңды өкілінің шығынын да төлейді.
Алға аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобында жұмыс істейтін инспекторлар биыл қаңтар айында Ақтөбе-Атырау тасжолына кезекшілікке шығады. Сол кезде Алға қаласына кіреберіс жолда «Hyundai Accent» автокөлігін тоқтатады.
Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, инспекторлар жүргізуші әйел ішімдік ішті деп күдіктеніп, мән-жайды анықтау үшін патрульдік полиция автокөлігіне мінуді сұрайды. Көлікке отырған соң әкімшілік хаттама толтырмай, келісімге келу үшін бейнетіркеу құрылғысын сөндіріп қояды. Бірақ полиция қызметкерлері өз айтқанын тыңдата алмаған соң жүргізуші әйелге Алға аудандық ауруханасына баратынын ескертеді. Осы кезде 100 мың теңге пара алуды көздеп, ойын жеткізеді. Полиция инспекторы 6 қаңтар күні сағат 16:05–те Алға аудандық ауруханасы маңында 100 000 теңге пара алады. Бір күннен соң полиция қызметкерінің үйінен пара ретінде берілген ақшаның 45 мың теңгесі табылып, тәркіленеді. Сот отырысы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспеді, мойындамады. Ол әріптесі екеуі әкімшілік хаттама толтырғанын, сол кезде жәбірленуші айқай-шу шығарып, әлдебіреуге хабарлайтынын айтқан. Ауруханаға келген кезде медицина қызметкері бос болмай, көлік ішінде әңгіме жалғасады. Сол кезде жәбірленуші пара ұсынып, келісуге үгіттеген. Дәл осы кезде полиция қызметкері видеожетонды сөндіргенін жасырмады. Сөндірсе де еш ақша алмағанын, тінту кезінде табылған ақша әдейі тасталғанын айтты.
Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен айыпты деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Инспектор аға лейтенант шенінен айырылды. Сотталушы енді өмір бойы құқық қорғау саласында жұмыс істей алмайды. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, заңды өкілінің 1 млн теңге шығыны өндіріледі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Осы іс бойынша апелляциялық шағым да түсті.
Еске салсақ, Түркістан облысында полицей пара алды деген күдікпен ұсталды. Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Созақ ауданында ҰҚК қызметкерлері полиция қызметкеріне жеке тінту жүргізіп, тексеріп жатқан бейнежазба тарады.