Ақтөбеде 12 мың ит-мысық ауланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында биыл ит-мысықты аулау, күтіп ұстау, зарарсыздандыру жұмыстарына 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінде 12 мың ит-мысық ауланды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес биыл да аулау, күтіп ұстау, зарарсыздандыру және жансыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Тұрғындардан түскен арыз-шағым, Ахуал орталығына түскен хабарламаға мамандар барып, аулау, жеткізу жұмысын атқарады. Адамға, малға, құсқа шабуыл жасау деректері болды. Ауланған соң зарарсыздандырылды және жансыздандырылды. Ақтөбе қаласында итті күтіп-бағу жеке кәсіпкердің ғимараты аумағында жүргізіледі. Бүгінде олардың санын анықтау үшін «Таңба» ақпараттық жүйесі де енгізіледі. Қазіргі кезде 6500-ге жуық ит, 1337 мысық тізімге алынды. Оларға чип салынып, иелеріне құжаты берілді. Бұл бағыттағы жұмыс үшін 10 млн теңге жұмсалады», - деді Ақтөбе облыстық Ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы Шахидолла Рахимов.

Ақтөбе облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл алғашқы жартыжылдықтан жан-жануар тістеген, сілекейімен зақымдаған 933 адам тіркелді. Оның 654-і ит, 223-і мысықтан зардап шекті. Сонымен бірге 24-і мүйізді ірі қара, төртеуі жылқы, біреуі түлкіден зәбір көрді.