Ақтөбеде 13 жастағы баланы КамАЗ қағып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиға Мұғалжардың Қандыағаш қаласында болды. Бала велосипед мініп жүрген.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан соң қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
— Алдын ала мәлімет бойынша, КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі артқа шегінгенде велосипед айдап жүрген жасөспірімді соққан. Жасөспірім алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Оқиға бүгін түсте Қандыағаш қаласындағы С. Сейфуллин көшесінде болды. Ол жерде орталық саябақ бар.
Айта кетейік, бұл жер 5 жыл бойы құрылысы жүрген саябақ. Құрылысына 234 млн теңге жұмсалған саябақ қазір жарамсыз күйге түсті. Шамдар іске қосылмаған, мәңгілік алау оты жағылмады, ал салынған аркалардың тіректері қирай бастады. Әкімдік мердігерді жөндеу жұмысын жүргізуге міндеттеді.