Ақтөбеде 188 адам уланған мейрамхананың заңсыз жұмыс істегені белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында болған жаппай тағамнан улану салдарынан 188 адам зардап шекті. Оның 15-і — 14 жасқа дейінгі балалар.

Фото: Kazinform

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір 177 адам ауруханаға жатқызылған, 11 адам амбулаториялық ем алып жатыр. Барлық науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

— Алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижесіне қарағанда, жаппай улануға 2026 жылғы 18–20 маусым аралығында Мұғалжар ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен іс-шараларда дайындалған тағамдар себеп болған, — деді Сархат Бейсенова.

Спикердің айтуынша, зертханалық тексеру кезінде тағамнан, алынған сынамалардан және қызметкерлерден ішек инфекциясын тудыратын бактериялар табылған.

— Тексеру барысында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, нысанда санитариялық қорытынды болмаған, тағамды дайындау мен сақтау талаптары сақталмаған, технологиялық үдерістер бұзылған. Сонымен қатар қызметкерлердің жеке гигиенаны сақтамағаны және міндетті медициналық кітапшасыз жұмыс істегені анықталды, — деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, қазір аталған нысанның қызметі тоқтатылды. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Қандыағаштағы мейрамханада өткен тойдан кейін 188 адам тағамнан уланып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Кейін санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталып, сот шешімімен мейрамхананың қызметі уақытша тоқтатылды.