Ақтөбеде 19 ауылды құм басу қаупі төніп түр

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбенің төрт ауданында 19 ауылды құм басу қаупі төніп тұр. Қазіргі кезде құм тоқтату үшін тал егумен қатар қамыстан қорған жасау жолы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.  

Ақтөбеде құм тоқтату жұмыстары үшін 2021-2026 жылдарға арналған жоба дайындалған. Алайда жұмыс мардымсыз болып тұр. Қазіргі кезде Шалқар ауданының Жылтыр ауылын құм қораны ғана емес, үйлерді де басып жатыр.


«Сарайға кіре алмаймыз. Моншаның есігін қайта-қайта бітеп тастайды. Бұрын су құбырын жүргізетін адамдар келген. Соларға қойымызды беріп, тазартып алдық. Бірақ мардымсыз. Бес жыл болды, алысып келеміз. Кір жусақ, киіміміз топырақ болады. Құрт та жая алмаймыз»,- деді Лена Бекжан.

Халық өз күшімен ағаш та егіп көрді. Бірақ бәрі қурап қалды. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Көгалдандыру, құм тоқтату үшін қара сексеуілмен қатар 7-8 түрлі ағаш егіледі. Сексеуілге басымдық беріледі. Мекеме жылына 2 мың гектардай жерге ағаш, сексеуіл егеді. Егетін материал жеткілікті. Шалқар ауданының Жылтыр ауылындағы проблеманың көтерілгеніне көп жыл өтті. Ағашқа құм тоқтамайды. Қамыстан өру керек. Еккеннен кейінгі күтімі маңызды. Әкімдікте 4-5 адамнан басқа жұмыс күші жоқ. Мыңдап егілсе, суару мүмкін болмайды. Бірақ Жылтыр ауылының халқы белсенді, өздері көмектеседі», - деді «Ұлы Борсық» орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің директоры Исатай Көнекбаев.

Қазір облыста екі ауданның үш ауылында құм тоқтату жұмысы жүріп жатыр. 2022 жылы Ырғыз ауданының Жарма ауылындағы құмды тоқтату үшін 119 млн тг бөлінді. Қоршап, оны қамыспен өру міндеттелді. Аумағы 11 га болады. Жұмысты 2026 жылға дейін аяқтау жоспарда бар. Сонымен бірге Байғанин ауданында екі ауылда құм тоқтату үшін мердігер анықталды. Қоршаудан соң тал етіледі. Мұндағы 21гектар жерге қоршау салынады. Келер жылы көктемде тал егу жұмысы атқарылады. Алайда мердігерлер күзде егуді жоспарлап қойған.

«Шалқар ауданының Айшуақ ауылында құм тоқтату жұмысы атқарылып, нәтиже берді. Қазір Жылтыр ауылында құм тоқтату жұмысы үшін 2 құдық қазылды. Бұл еккен талды суаруға мүмкіндік береді. 2024 жылы сол жерге 35 мың түп сексеуіл егеміз. Қарағаш та егіледі. Жалпы, Ақтөбе облысында 19 ауылда құм көшкіні бар. Олар Темір, Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандарында орналасқан. 2026 жылға дейін барлық ауылда осындай жұмыс атқарылады»,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.

Ақтөбе облысы бойынша әлі 16 ауылға қажетті жобалық-сметалық құжат жоқ.