Ақтөбеде 24 компанияны жабу туралы мәселе қаралды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жер қойнауын пайдаланушы компаниялар келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін жабылып жатыр. Облыс әкімдігінде 24 компанияны жабу туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде кен игеріп, жер қойнауын пайдаланып отырған компанияларға бірнеше міндеттеме жүктелген. Олар үнемі инвестиция салуға, қаржылық жағдайын күшейтуге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында құрылыс жұмыстарын жүргізуге міндетті. Бірақ кейбір компаниялар өз міндетіне алған жұмысты орындауға құлықсыз.

 

«Облыс аумағында 49 жер қойнауын пайдаланушы компания жұмыс істейді.  Кәсіпорындардың қаржы, әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелеріне орай 70 келісішарт жасалды. Өкінішке қарай, барлығы бірдей келісімшарттың талаптарын орындап отырған жоқ»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі жер қойнауын пайдаланушылар қаржы міндеттемелерін 51%, ал көмірсутек шикізатын өндіретін компаниялар 85% орындаған. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағанбетовтың хабарлауынша, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен инвестиция салу тым баяу. Жиын кезінде Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі Энергетика министрлігі мен  Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен міндеттерін орындамаған компаниялармен арадағы келісімшартты бұзу жұмысын жалғастыратынын айтты. Биыл 4 компаниямен арадағы 5 келісімшарттың күші жойылды. Ал өткен жылы 8 келісімшарт тоқтатылды. Әлі 24 компанияның мәселесі қаралып жатыр. Соның ішінде «Ақтөбетермококс» ЖШС-мен келісімшартты бұзу жөнінде Энергетика министрлігіне хат жіберілген. Инвестиция және даму министрлігіне «Темір сервис» ЖШС және «Батыс Калий» ЖШС-не қатысты шаралар қолдану туралы өтініш берілді.

 

 Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында жергілікті мамандарды оқыту мен қайта даярлау мәселесі жеке қаралды. Заңғы сәйкес кәсіпорындар жергілікті мамандарды дайындау және қайта дайындауды қаржыландыруға міндетті. Сонымен қатар, компаниялар білім беру ұйымдарының негізгі материалдық-техникалық базасын жақсартуға үлес қосуы тиіс.

 Өңір басшысы Б.Сапарбаев жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшыларын колледж шеберханалары мен зертханаларын нақты өндіріске сай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге шақырды. «Жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын басты талап - келісімшарт міндеттемелерін сақтау. Біз мұны қатаң бақылауда ұстаймыз. Сіздерге жүктелетін тағы бір міндет - өндірістік көрсеткіштерге, соның ішінде, көмірсутегі шикізатын өндіруге байланысты бекітілген жоспарды орындау, - деді Б.Сапарбаев.