Ақтөбеде 34 апатты тұрғын үй бар
Ақтөбе қаласында қазір 34 апатты тұрғын үй бар. Жергілікті әкімдік тек 8 үйдегі адамдарды көшірудің жоспарын жасап қойған, деп хабарлайды Kazinform.
Қала бойынша апатты деп танылған 34 үйде барлығы 372 пәтер бар. Бүгінде 8 тұрғын үйдегі мәселенің шешімі табылған. Сонымен бірге тағы 7 үйге қатысты сұрақтардың жауабы дайын.
– Ақтөбе қаласы Чекалин көшесіндегі бес тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Онда 58 пәтер бар. Қала әкімдігі мен «Стройстандарт-222» ЖШС арасында меморандумға қол қойылып, Қызылжар тұрғын алабынан 18 гектар жер берілді. Іргетасы құйылды, құрылыс материалдары жеткізілді. Құрылыс жұмысы 2024 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр, - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Kazinform осы мекенжайға барып, тұрғындармен кездесіп келді. Мұндағы адамдар «әкімдіктің уәде бергеніне биыл 20 жылдан асты» деп отыр.
Әкімдер ауысады, уәде ұмытылады – тұрғын
Ақтөбе қаласы Чекалин көшесіндегі бес үйдің тұрғындары апатты баспанасының тірлігіне бейімделіп кеткен. Жыл сайын, кейде ай сайын айта-айта шаршап, ашуға бой алдырады. Олар «ешкімге керек емес, айтпаймыз» деп қолын бір сілтеді. Ал кейбірінің үміті әлі үзілмеген.
– Мен осы үйде өмірге келдім. Қазір жасым – 57-де. Үйді бұзу туралы әңгіме 1987 жылдан бастап айтылып келеді. Себебі тұрғын үй алғашында уақытша баспана ретінде әскерилерге берілген. Ал біз жарты ғасырдан астам уақыт тұрып келе жатырмыз. Шамамен 1963 жылы салынған екен. Үй ағаштан тұрғызылған, баспалдақ та ағаш. Қабырғасы ғана емес, едені де теңселіп тұр. Мен екінші қабаттың тұрғынымын. Үйде жүрсем бірінші қабаттың шамы қозғалады. Өте қорқынышты. Әкімдіктің уәде бергеніне 20 жылдан астам уақыт болды. Соңғы он жылда жиі барып, жиі айтып жүрміз, - дейді Наталья Проценко.
Оның айтуынша, бұған дейін үйінің қабырғасының бір бөлігіндегі кірпіш толық құлап қалған. Қатты жаңбыр күні төбеден су ағады екен.
20 жыл бойы айтып келеміз – тұрғын
– Мен тұратын үйде 8 пәтер болса, оның тең жартысын жалға беріп қойған. Шынын айтқанда зейнеткерлер мен пәтер жалдаушылар тұрады мұнда. Апатты үйдің мәселесін айтып бармаған жеріміз қалмады. Әкімдік те, депутаттар да келді. Бәрі біледі, көрді. Бір шешімі бар деп Қызылжар тұрғын алабында салынып жатқан үйді көрсетті. Оны үш жылдан бері күтіп жүрміз. Мердігер астаналық екен. Әкімдікке барып, шу шығарған кезде айтады, кейін бәрі сол күйі ұмытылады, - деді апатты үйдің тұрғыны Галина.
Ол құрылыс басына барып, қарап тұрады. Алға жылжитын түрі көрінбейді.
- Жыл сайын күтеміз. Күйеуім жете алмай кетті. Өзім 70-темін. Жаңа үйді көрем бе, жоқ па, білмеймін. Қартайған шағымда мен де жайлы өмір сүргім келеді. Бұл апатты үй болса да өзіміз жөндеп, ұстап отырмыз. Жылу жоғарыдан төмен қарай беріледі. Егер сол құбыр жарылса, біз күйіп қаламыз. Үйдің қолданысқа берілгеніне 60 жылдан асқанын ескерсек, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты, - деді ол.
Жоспар бар, құрылыс жұмысы басталмады
Тілеу батыр көшесіндегі 35 пәтерлі үй қазір қаңырап бос тұр. Есік, терезесі бұзылған, ал іші қоқыс алаңына айналған. Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құрылыс жұмысы 2024 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады дегенімен, әлі күнге дейін аумақ қоршалмаған, құрылыс жұмыстары басталмаған.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласы Кірпішті көшесі №10 үйдің 8 пәтер иесіне өтемақы беріліп, саяжай аумағынан жер ұсынылды. Ал 19 тұрғын үйге қатысты сұрақтың әзірге шешімі жоқ.
– Көпшілігі қала орталығынан шалғай орналасқан соң инвесторлар қызықпайды. Әзірге 19 тұрғын үй бар осындай. Екі түрлі жолмен шешу ұсынылды. Біріншіден, 360 пәтерге шақталған 9 қабатты үйдің құрылыс жұмысы үшін қайта жобалауға қаржы керек. Республикалық бюджеттен ақша бөлінсе, 135 пәтерді апатты үйдің тұрғындарына беру жоспарланып отыр. Екіншіден, 1,4 миллиард теңгеге 135 пәтер сатып алынуы мүмкін, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Әзірге екі нұсқаның бірін таңдау, қаржы бөлу сұрағы шешімін таппады.