Ақтөбеде 35 мың орындық стадионды кім салады

Фото: Артем Викторов / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Екі жылда құрылысты аяқтау жоспарланып отыр. Таяуда әкімдік құрылысты біріге жүргізетін инвестордың кім болатынын хабарлайды.

Ақтөбедегі 35 мың орындық стадион құрылысын инвесторлар салады деген жоспар болды. Кейін оның құны әдеттегіден қымбатқа түсетіні анықталып, бірлескен жобаға ауыстырылды.

- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салуды жоспарлап, инвестор анықталды. Кейін жоба құны тағы 40% өсетінін есептеп, бұл ойдан бас тарттық. Демек, 70 млрд теңгеге салу жоспарда болса, олар 120 млрд теңгеге шығарды. Тиімсіз бұл. Біз сол 70 млрд теңгеге саламыз. Жақын арада шетел компаниясы туралы айтылады. Келісім жүргізілді, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Kazinform тілшісінің сауалына.

Жаңа инвестор ретінде бірлескен компания таңдалды. Қаржы инвестордан да, бюджеттен де бөлінеді. Кейін инвестор қаржысы біртіндеп қайтарылады. Қаржыны қайтару уақыты 5-7 жылға созылуы мүмкін. Құрылыста сапаға баса мән беріледі.

- Сыйымдылығы 35 орындық деп бекітілді. Бұл туралы да көп пікір айтылды. Ақтөбеде бір матчқа 50-55 мың адам билет алуға сұраныс жасайды. Ал Еуропа лигасы ойындарында 168 мың адам сұраныс берді. Оның бәрі ескерілді. Стадиондағы жасыл алаң табиғи болады. Құрылыс кезінде оны жабу, сақтау жолы бірден ескеріледі, яғни қыста алаң жабылып, мұз қатпайды. Құрылыс екі жылға созылады. Үкіметтен қолдау бар, - деді Асхат Шахаров.

Айта кетейік, «Ақтөбе» футбол клубының аукциондағы алғашқы құны белгілі болды. Мамандар клубты 364, 3 млн теңгеге бағалап берді.