Ақтөбеде 52 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды

Фото: ДСМ

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыста биыл АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың көбі ер адамдар. Басым бөлігі инфекцияны жыныстық қатынас арқылы жұқтырған.

Ақтөбе облысында АИТВ жұқтыру дерегі жыл өткен сайын азайып келеді. Еліміз бойынша қазір 17-і орында тұр. Дегенмен әлі де жыл сайын ондаған адамнан анықталып, тіркеліп жатыр. Жыл басынан бері 52 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Былғыр 11 айда 57 адамның дертке шылдыққаны белгілі болды.

— Биыл АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың бәрі Қазақстан азаматтары. Оның 40-ы ер адамдар. Көбі инфекцияны жыныстық қатынас арқылы жұқтырып алған. Олардың саны — 45. Соған қарамастан еліміз бойынша өңірде жұқтыру көрсеткіші үш есе төмен. АИТВ жұқтырған адамдар тұрақты ем алып жүр. Инфекция жұқтырғанын қайдан біледі? АИТВ орталығынан, түрлі отаға дайындалып жүргенде емханадан, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың алдын алу шарасы кезінде анықталып жатады. Жыл өткен сайын адамдарды тексеру көрсеткіші артып отыр. Нақтырақ айтсақ, жыл сайын облыстың әрбір бесінші тұрғыны, яғни, 233 мыңнан астамы тексерілді, — деді Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы жетекшісінің орынбасары Анна Каспирова.

Ақтөбе облысында қазір АИТВ жұқтырған 617 адам тіркеуде тұр. Оның 16-ы ЖИТС деңгейіне жеткен. АИТВ жұқтырғандар жалпы төрт сатысы бар. Оның ең ауыры — төртінші саты.

Айта кетейік, Қазақстанда АИТВ-ның алдын алу, анықтау және емдеу жүйесі күшейтілді. Бүгінде антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдап жүрген АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 93%-дан астамында вирус жүктемесі төмен. Бұл — мемлекет, халықаралық ұйымдар және үкіметтік емес құрылымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі.