Ақтөбеде 6 млрд теңге қалай талан-таражға түсті

Фото: Еңбекмині

АҚТӨБЕ.KAZINFORM — Қытайлық компанияның қаржысын қолма-қол ақшаға айналдырған ақтөбеліктер сотталды. Олар мұны басшыларының нұсқауымен істеп, мемлекеттік органдарға ай сайын, кейбіріне жыл сайын ақша берілгенін айтты. Шығын 6 млрд теңгеден асады. 

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында шетелдік компанияның бас директорының орынбасары, есепшісі мен оның туыстары Гүлнар Оразова, Салтанат Конгалеева, Ерлан Конгалеев, Саят Бейсенбай, Гүлнара Абдуллинаға қатысты іс қаралды. Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» баптары бойынша айып тағылды. Іс бірнеше эпизодқа бөлінді. Қаулыға сәйкес «Ту-Ха» ЖШС-і ұңғымалардың күрделі жөндеу, ұңғымалардың құжаттарын рәсімдеу, жерасты жұмыстарын жүргізу, жобалау, мұнай өндіру және өңдеу, бұрғылау құрылғыларын жөндеу, мұнай-газ өңдеу нысандарын салу секілді жұмыстарды іске асыра алады. Сотталушы Салтанат Конгалеева 2005 жылы дәл осы «Ту-Ха» ЖШС-не есепші болып орналасады. Сондай-ақ сотталушы Гүлнар Оразова 2004 жылы «Ту-Ха» ЖШС-не есепші болып кіріп, 2007 жылы бас директордың орынбасары қызметіне көтеріледі. Салтанат Конгалеева мен Гүлнар Оразова 2007 жылдың сәуір айы мен 2021 жылдың сәуір айына дейін аса ірі көлемде пайда табуды ойлап, оны іске асырады. Қылмыстық істі жүзеге асыру үшін Гүлнар Оразова 2004 жылы тіркелген «Компания Азимут» ЖШС-ін пайдаланады. Сөйтіп 2007 жылдың сәуір айынан бастап Салтанат Конгалеева Гүлнар Оразоваға тиесілі компанияның есепшотына ақша аударады. Алдымен 760 725 теңге, кейін 1 275 000, 2 701 442, 2 824 000, 3 596 200, 2 948 400 теңге аударады. Аудармада тауар алуға, көлік қызметіне деп көрсетеді. Сөйтіп 14 105 767 теңге өз қажеттілігіне жұмсалды. 2007 жылы Салтанат Конгалеева мен Гүлнар Оразова жымысқы әрекетін әрі қарай жалғастырып, «Кілт» ЖШС-не жалпы сомасы 42 203 500 теңге аударады. Бұл кезде «Ту-Ха» ЖШС мен «Кілт» ЖШС-і арасында қандай да бір келісім болмаған. 2008 жылы «Инвест Холдинг Казахстан» ЖШС-не жалпы сомасы 34 124 590 теңге аударған. Іс материалында Салтанат Конгалееваның 2006 жылы тіркелген «Мегалот ХХХ» ЖШС-не иелік ететіні туралы жазылған. Ол есепші болып жұмыс істеп жүріп 2009-2021 жылдары аралығында өз компаниясына 1 988 961 500 теңге аударып алды. Дәл осы қаржының 50 550 000 теңгесі Гүлнар Оразоваға аударылған. Осы арада іске Гүлнар Оразованың күйеу баласы А.Мұқанов та кіріскен. «ТехПлюсСервис» ЖШС-не 58 065 105 теңге бөлінді. «Мегалот ХХХ» ЖШС-інен көмек ретінде сотталушы Саят Бейсенбайға 8 300 000 теңге аударылды. Қалған қаржыны Салтанат Конгалеева қолма-қол шешіп алып, кейін «Нурай Инвест Групп» ЖШС-нің шотына салады. Бұл серіктестік оның анасы М. Джуланованың атында. Әрі қарай С. Конгалеева мен Г.Оразова А. Сыйыковаға өтініш тастайды. Ол С. Конгалееваның құрбысы әрі «Сыйыкова Айнур Мендибаевна» жеке кәсіпкерлігінің иесі. 2010 жылдың шілдесі мен 2010 жылдың тамызы аралығында 16 543 086 теңге аударады. 2010 жылы есепші бас директорға айтпай «БЕЛАЯ СТРЕЛА» ЖШС-не 2 800 000 теңге бөлді. Оның директоры С. Конгалееваның досы болды. Істегі сотталушы С. Бейсенбай есепші С. Конгалееваның күйеуі. Алдын ала келісіп, «Бейсенбай Саят Ермекұлы» жеке кәсіпкерлігін тіркеп, қаржы жымқыруды жалғастырады. 2010-2014 жылдары аралығында 167 901 066 теңгені заңсыз иемденді. Осы жолмен «Абдуллина Гульнара Маратовна» жеке кәсіпкерлігіне 79 668 490 теңге, «Абдуллина Малика» жеке кәсіпкерлігіне 91 854 731 теңге, «Уразова Дария Жумабаевна» ЖК-не 48 232 285 теңге, «Майкеева» ЖК-не 44 421 600 теңге, «Гурон Плюс» ЖШС-не 4 705 129 теңге, «Асет» ЖК-не 124 880 200 теңге, «Жигер Азия Групп» ЖШС-не 356 486 991 теңге, «Хасанов» ЖК-не 77 822 084 теңге, «Мусина А.С.» ЖК-не 29 000 000 теңге, «Нурмухамедов Дастанбек Бегдуллаевич» ЖК-не 37 700 000 теңге, «Исагалиева» ЖК-не 32 000 000 теңге. «Транс Логистик» ЖШС-не 1 664 572 932 теңге аударды. Сөйтіп сотталушылар Гүлнар Оразова, Салтанат Конгалеева, Ерлан Конгалеев, Саят Бейсенбай, Гүлнара Абдуллина жалпы сомасы 6 116 310 603 теңге шығын келтірді. Гүлнар Оразова, Салтанат Конгалеева бірігіп, Ақтөбе қаласы орталығынан жер алып, «Юрта Парк» ойын-сауық орталығын ашты. Жер Салтанат Конгалееваның анасы М.Жолановаға тиесілі. «Принцесса Сабина» кешені Салтанат Конгалееваның жеңгесіне тиесілі. Қаржының бір бөлігі банктердегі депозитінде сақтаулы. Сотталушы Гүлнар Оразова да жымқырған қаржының бір бөлігіне депозит ашты. Сот отырысында сотталушы Салтанат Конгалеева тағылған айыпты мойындамады. Қытайлық басшыларының ұйғарымымен қолма-қол ақшаға айналдырғанын айтты. Ол өз сөзінде «Ту-Ха» ЖШС-і «СНПС» компаниясының құрамдас бөлігі екенін, қандай бір базасы болмаса да үнемі сатып алуда жеңіске жететінін, осылайша шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталғанын жеткізді. Істе қытайлық компанияға басшылық еткен Оу Денфу, Ли Синьхуа, Тиен, Пан Жунпин есімдері аталады. Сот отырысы кезіне сотталушы 2004-2020 жылдар аралығында компанияның табысы 32 млрд теңге шамасында болғанын айтты. Салтанат Конгалеева ай сайын Ақтөбе облыстық еңбек департаментіне, Ақтөбе облысы әкімдігіне шетелдік жұмыс күшін тарту, жыл сайын облыстық экология департаментіне химреагенттер қолдану, көші-қон қызметіне қытайлықтардың Қазақстан территориясына кіруі үшін ақша бергені туралы ақпаратты айтты. Сонымен бірге кеден, прокуратураға қатысты деректер бар. Сотта жәбірленуші тараптың өкілі, «Ту-ха» ЖШС-нің адвокаты мұның бәрі директор Цао Сянюань анықтап, күдік ұялатқан соң тексеру жүргенін айтты.

Сот үкімімен Салтанат Конгалеева, Гүлнар Оразова айыпты деп танылып, түпкілікті 8 жылға бос бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ерлан Конгалеев 7 жылға сотталды. Салтанат Конгалеева жазасын 5 жылдан соң кейін өтейді. Гүлнар Абдуллина, Саят Бейсенбай айыпты деп танылғанымен қылмыс мерзімі өтіп кеткен соң жауапкершіліктен босатылды. Сот «Ту-ха» ЖШС-нің азаматтық талап арызын толық қанағаттандырды. Салтанат Конгалеева, Гүлнар Оразова, Гүлнар Абдуллинадан бірлескен түрде 219 755 506 теңге материалдық шығын, Салтанат Конгалеева, Гүлнар Оразова, Саят Бейсенбайдан 471 902 866 теңге материалдық шығын, Салтанат Конгалеева, Гүлнар Оразова, Ерлан Конгалеевтен 640 303 900 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге Салтанат Конгалеева, Гүлнар Оразова бірлескен түрде компанияға 4 784 348 329 теңге материалдық шығынды қайтаруы тиіс. Ал өкілдің шығынын өндіру өтініші ішінара қанағаттандырылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда қылмыстық істердің 90 пайызы электрондық форматта тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық істермен айла-шарғы жасауға, яғни материалдарды жоюға немесе түзетуге жол бермейді, дәлелдемелерді жинау процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді