Ақтөбеде 820 мың гектардан астам жерде шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы жүргізілді

Фото: Фото: pexels.com

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 820 мың гектардан астам жер өңделді. Әсіресе Ресеймен шекаралас аудан ауылдарында дернәсілдер табылып, уланды.

Ақтөбеде шегірткеге қарсы күрес жұмысы мамыр айында басталды. Сол кезде 777 мың гектар жер өңделуі тиіс болды. 

- Үйірлі шегіртке бойынша 777 мың гектарға жоспарланып, жоспар артығымен орындалды. 822 мың гектар жер өңделді. Улау жұмыстарына бүріккіш көлік, 15 газгенератор, 6 дана АН-2 ұшағы жұмылдырылды, - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиев. 

Ақтөбе облысы бойынша қазір өңдеу жұмысының негізгі бөлігі аяқталды. Егер шаруалар мен ауыл тұрғындарынан қандай да бір хабарласа түссе, қажетті техника мен шашатын у бар. 

- Облыстың 12 ауданында шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы жүргізілді. Көбі Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар, Хромтау аудандарында тіркелді. Ресеймен шекарадағы аудандар да улау жұмысы атқарылды. Шегірткенің дамуы мен ұшуы ауа райына байланысты екені белгілі. Күн салқын, жаңбырлы болса жасырынып жатады. Ысып, күн шыққан кезде ұшады. Биыл маусымда күн салқын болды. Оның да өз әсері бар. Жалпы қазір негізгі өңдеу жұмысы аяқталды. Барлығы 2 айдан астам уақыт бойы бар жұмыс атқарылды, - деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров. 

Ал Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақтөбе облыстық филиалның басшысы Гарифулла Жолаевтың айтуынша, маусым-шілде айларында Ресейден шегірткенің ұшып өту деректері тіркелген. 

- Ресейдің Домбаровка, Ясный ауылдарынан Әйтеке би ауданы Жамбыл ауылдық округіне маусым айында, Светлый ауылынан Т.Жүргенов ауылына, Құмқұдық, Әйке ауылдарына маусым, шілде айларында бірнеше рет италиялық шегіртке дернәсілдері өтті. Сонымен бірге шегіртке ұшқан кезде де шекарадан өту дерегі анықталып, акт жасалды, - деді Гарифулла Жолаев. Оның айтуынша, тек бір ауданда ғана осындай дерек тіркеліп, улау жұмысы дереу жүргізілді. 

Айта кетейік, қазіргі кезде шегіртке жұмыртқа салып жатыр. Мамандар морфометриясын алып, зертханада тексеру жүргізіледі. Бұл келер жылға болжам жасауға мүмкіндік береді.