Ақтөбеде әкімдік пен гараж иелері ортақ келісімге келе алмады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қала әкімдігі гараж орналасқан жерді мемлекет меншігіне алып, жол салмақ. Ал гараж иелері қаланың бас жоспарын жасаған кезде мұның бәрі алдын ала ескерілуі тиіс деп отыр.
Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы бойында орналасқан гараж иелері қала әкімі Азамат Бекетпен кездесті. Кездесуде гараж иелері мүлікке тиіспеуді сұрады.
— Былтыр жалпы жиналыс болып, әкімдік бас жоспарға өзгерту енгізу үшін ұсыныс жасалатынын айтты. Егер ұсынысты қанағаттандырмаса қайтадан жиналыс жасап, оны халыққа айтуы керек еді. Бірақ бүгінге дейін айтылмады. Бұл заңсыз. Мен гаражды беруге қарсымын. Алтын орда шағын ауданының құрылысы басталған кезде жеке мүлік тұрғанын көрмеді ме? — деді қала тұрғыны Рүстем Хамзин.
Ақтөбе қаласы әкімдігі қазіргі кезде 60 гаражды мемлекет меншігіне қайтарып, кейін бұл жұмысты жалғастырмақ. Алдағы уақытта тағы 300 гараж орналасқан жер қайтарылады.
— Бұл жердегі 4,5 гектар аумақты алып, 2 мың орындық мектеп салуды жоспарлаймыз. Бәрі бас жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Бас жоспар 2021 жылдан бері бастап өзгертілді. Оны бір жылда бекітпейді. Кем дегенде 3 жылда түрлі министрліктен өтеді. Сараптамадан өтіп, ҚР Премьер-министрі қол қояды. Ұсыныстар көп болды, бірақ оның өткені де, қабылданбағаны да бар, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Жиында тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Әкімдік бас жоспарға сай жұмыс жалғастырмақ. Ал гараж иелері мүлікті бергісі келмейді.
Айта кетейік, Ақтөбеде әкімдік пен полигонды сенімгерлік басқаруға алған мердігер соттаспақ. Себебі тасымалдаушылар келісімшартқа отырмағанын. Оның ішінде әкімдікке қарасты коммуналдық мекеме де бар.