Ақтөбеде әкімдік пен полигонды сенімгерлік басқаруға алған мердігер соттаспақ

Фото: видеодан алынған скрин

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл Ақтөбенің полигонын сенімгерлік басқаруға алған «Таза Әлем 12» ЖШС қоқыс шығарушыларды да, әкімдікті де сотқа бермек. Ол бұған дейін тасымалдаушылардың келісімшартқа отырмағанын, 1 теңге де төлемегенін, бірнеше ай өтсе де өтінішке құлақ аспағанын айтып отыр. Kazinform тілшісі тараптардың пікірін тыңдады.

Үш айда 1 теңге де алмадым — мердігер

Ақтөбе қаласы әкімдігі тұрмыстық қатты қалдық полигонын биыл сенімгерлік басқаруға берді. Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан «Таза Әлем 12» ЖШС жұмысты шілде айында бастады. Алайда сол кезден-ақ кедергіге тап болған. 

— Қабылдау-өткізу актісін беру кезінен-ақ проблема болды. 20 күн кіре алмай жүрдік полигонға. Ал ереже бойынша үш күннен кейін қабылдау-өткізу жұмыстары жүруі тиіс. Сөйтіп қоқыс полигонын 3 жылға сенімгерлік басқаруға алдым. Үш айға сынақ мерзімі берілді. Әкімдік мен компания келісімшартқа қол қойғаннан кейін қоқыс тасымалдайтын компаниялар келуі тиіс емес пе? Алайда қанша уақыт өтсе де бұл жұмыс атқарылмады, олар келісімшарт жасамады. 1 теңге де төлемеді. Әкелген қоқысты тегін қабылдап, тегістеп, нығыздап, жайып отырдық. Бір күні көліктерді тоқтатып, «басшылар байланысқа шықсын, келісімшартқа отырамыз» десек, кәсіпкердің өзі емес, бізге қала әкімі, қала әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, қызметкерлері хабарласады. «Кіргізе берші, жиналыс жасаймыз, сол жерде шешіледі» деп айтады. Біз келістік. Сол ертеңмен жүрдік осылай, — деді «Таза Әлем 12» ЖШС директоры Әлібек Серешов. 

Оның айтуынша, қазір қала әкімдігіне қарасты «АТК Qyzmet» ЖШС — 16 млн теңге, «NEO PLUS» ЖШС — 16 млн теңге, «Таза Қарғалы» ЖК — 2 млн теңгеден астам қарыз.

Ал «Ақжол ЛТД» ЖШС мен полигон мердігері техникалық қызмет көрсету келісіміне келген. 

Қажет кезде жүк көліктерін беруге келіскен соң өрт шыққанда жәрдемдескен. 

— Полигонды сенімгерлік басқаруға алған кезде бізге бірнеше талап қойылды. Оның ішінде қоқысты уақытылы көму, төгістеу, өртке қарсы күрес жұмыстарын жүргізу, сұрыптау талаптары бар. Ал сол жұмысты уақытылы атқару үшін бізге де кіріс қажет. Қазіргі кезде күніне 500-700 тонна қоқыс жеткізіледі. Әр тоннасы 1926 теңгеге қабылдануы тиіс. Негізі қоқыс тасымалдайтындар 2023 жылы тарифті екі есе көтерген. Ал қабылдау құны сол күйі өзгермеген. 2022 жылғы тариф бүгінге дейін 1926 теңге болып тұр. Конкурс кезінде халықтан ақшаны қоқыс шығарушы жинайды, бірақ полигонға ешкім төлемейді деп жазса, ешкім қатыспас еді. Мысалы өзіміз де қатыспас едік, келісімшартқа қол қоймас едік. Ол сұраққа жауап жоқ. Қала әкімі байланысқа шықпады. Енді қоқысты полигон жанына төгіп жатыр, — деді Әлібек Серешов.

Мердігер үш мекемеден ақша өндіру үшін сотқа шағым түсірмек. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы әкімдігінің келісімшартты біржақты үзу шешіміне келіспей отыр.

Бұл сұрақты да сот арқылы шешуді жоспарлап қойды. 

— Ақтөбенің әкімшілігі, қаланың әкімшілігі бірінші күннен бастап кедергі жасаумен болды. Келісімшартқа отырғаннан кейін үш күнде қабылдау-өткізу актісін жасап, кәсіпкерге берілуі керек. Олар бір айға созды, — деді мердігер.

Сенімгерлік басқаруға алған компания келісімшарт талаптарын орындаған жоқ — әкімдік

Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі келісімшарттың үзілгенін хабарлады. Себеп — мердігер талапты орындамады. 

— Қалалық қоқыс полигоны шілде айында «Таза әлем 12» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға беріледі. Үш ай сынақ мерзімі. Сынақ мерзімі ішінде компания келісімшарт талаптарын орындаған жоқ. Оның бірі осы өрттің алдын алу және салдарымен күресу шаралары болатын. Ол талап орындалған жоқ. Өрт болған кезде және одан кейін де қаланың төтенше жағдай құрылымдары мен коммуналдық қызметтері тартылды. Қалалық ТҮКШ бөлімі 29-қазанда келісімшартты үзіп, полигонды «Таза әлем 12» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруынан қайтарды. Қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны аумағында болған өрттен кейін өрттің алдын алу және жерді рекультивациялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, бұрын шығарылған қалдықтарды тегістеу және жабу шаралары атқарылып жатыр, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ал қоқыс шығарушы мен полигонға иелік еткен компания арасындағы келісімшартты өзара шешуі тиіс.

Алайда «АТК Qyzmet» ЖШС қала әкімдігіне тиесілі коммуналдық мекеме болса да бұл жұмыс атқарылмаған.

«АТК Qyzmet» ЖШС-нің директоры Дастан Хамитов келісімшартқа қол қоймағанын растады. Себебін Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы айтатынын жеткізді. 

— 2025 жылдың шілде айында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға алған «Таза әлем 12» ЖШС келісімшартты құжат жүзінде берген жоқ. Қызметін пайдалану тарапқа қызмет көрсетуші тараптан келісімшартқа тұру жөнінде ресми ұсыныс берілмеген, — деп жазды Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова. 

Қоқысты полигоннан тыс жерге төгу жайын сұрағанда бұл жер де Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі деп түсіндірді. 

— Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны аумағында өрт болды. Содан кейін өрттің алдын алу және жерді рекультивация жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік мекемеге тиесілі жер учаскесін уақытша пайдалану жөнінде шешім қабылданды. Бұл да — полигонға арналған аумақ. Қазіргі полигон кеңейтіледі, себебі болашақта қоқыс сыймайды, — деді Айгүл Байменова.

Ақтөбе облыстық экология департаментінің хабарлауынша, қоқыс полигонынан тыс жерге тұрмыстық қалдық төгу дерегі тіркелген, тексеру жүргізу үшін құжаттар дайындалып жатыр. 

Еске салсақ, Ақтөбеде кеше ғана қоқыс полигоны өртенді. Өрт аумағы 1 мың шаршы метрге жетті.