Қылмыстық іс № 2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша Т. Ақбота мен С. Қаламқасқа айып тағылды. Олар бірнеше адамды алдап, ақша жымқырған. Барлығы 7 эпизодтың бірі Шалқар қаласының бұрынғы әкіміне қатысты болды.
Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, сотталушы С.Қаламқас Ақтөбе облысы заңгерлер палатасында заңгер бола жүріп Шалқар қаласының экс-әкіміне құқықтық кеңес беруге, көмектесуге уәде етеді. Ол 2021 жылы Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша айыпталып, 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. 2022 жылы тамыз айында екеуі кездесіп, келіседі. Шын мәнінде заңгер өзінің қорғаушы бола алмайтынын білсе де алдап, сендіреді. Қызметі үшін 8 млн теңге сұрап, алғашқы жарнасына 4 млн теңге алады. Экс-әкім бір күннен соң келісіммен 4 000 000 теңгені апарып береді, арада ешқандай да келісімшарт жасалмайды.
Сондай-ақ сотталушы Т. Ақбота мен С. Қаламқас 2021 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның мемлекеттік бағдарлама арқылы арендалық пәтер беретінін естіп, пайда табуды көздейді. Олар Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларынан пәтер алғысы келіп жүрген адамдарды іздейді. Оларға «Эдельвейс», «Хайвил», «Терра», «Батыс Премиум», «Альтаир» «Миллениум» тұрғын үй кешендерінен пәтер алу үшін кезекке тұрғызуға уәде етіп, ақша алып отырған.
Сот үкімімен Т.Ақбота айыпты деп талынып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелет жасқа толмаған баласы бар сотталушы жазасын үш жылдан соң өтейді. С.Қаламқас айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жәбірленушілердің азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды. Соның ішінде сотталушы С.Қаламқас Шалқар қаласының экс-әкіміне 4 млн теңгені қайтаруға тиіс.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды.