Тергеу мәліметтері бойынша бірінші жағдайда күдікті «салық органдарындағы бұғатталған есепшотты ашып беремін» деген желеумен құрылыс компаниясының бухгалтерін алдап, 580 мың теңге қаржысын иемденген.
Екінші жағдайда ол кәсіпкерге басқа облыста тұратын, ірі көлемде қарызы бар азаматты тауып беруге көмектесетінін айтып, сеніміне кірген. Осы сылтаумен кәсіпкерден 4 миллион теңге алып, өз пайдасына жаратқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Аталған фактілер бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
— Полиция азаматтарды қырағылық танытуға, бейтаныс адамдардың түрлі қызмет көрсетемін деген уәделеріне сеніп, ақшалай қаражатты бермеуге және мұндай жағдайларда олардың өкілеттігі мен ұсынылған ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеруге шақырады, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Ақтөбеде туристік жолдамамен алдаған күдіктіге қатысты іс қозғалды.