Ақтөбеде алданған туристер ісі сотқа түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде алданған туристер ісі сотқа түсті. Іс бойынша барлығы 49 жәбірленуші бар. Олар Еуропа мен Азияны аралап, аралдарда тынығамын деп ақшасынан айырылды. Сотталушының бірі тағылған айыпты мойындама, екіншісі ішінара келісті.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық № 2 сотында erkosh_04_region туристік парақшасының иесі Еркебұлан Аймұратұлы мен оның көмекшісі болған Назгүл Аймұратоваға қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Еуропа мен Азияны аралатып, саяхат ұйымдастыруға уәде берген турфирма 2025 жылдың наурыз айынан бастап қиындыққа тап болған. Салдарынан шетелге шыға алмаған адамдар саны артып, бүгінде 49 жәбірленушінің ісі сотқа түсті. Бірі 100 мың көлемінде ақша аударса, тағы бірі миллион теңгесінен айырылды. Екі айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен айып тағылды.

— Еркебұлан Аймұратұлы, Назгүл Аймұратова заңсыз жолмен ақша табу мақсатында алаяқтық, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыруға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған. Атап айтқанда Еркебұлан Аймұратұлы 2025 жылдан бастап өзінің танысы Назгүл Аймұратовамен бірге Қазақстан мен шет мемлекеттердің қалаларында туристер бағыттар ұсынатын парақша ашып, оны жарнамалаған. Парақшаға шет мемлекеттерде демалып жүрген адамдардың, сондай-ақ арзан бағамен ұсынылатын туристік сапарлардың жалған бейнежазбалары мен өзге де ақпараттар орналастырып, азаматтардың назарын аударған. Сонымен қатар Еркебұлан Аймұратұлы өзін сенімді турагент басшысы ретінде таныстырып, ұялы телефон нөмірін көрсеткен. 2025 жылдың наурыз айында үш жәбірленуші Дубай қаласына туристік сапар ұйымдастырылатыны туралы жарнама көрген. Ақысы — 140 мың теңге. Әрқайсысы 140 420 — 142 800 теңгеден беріп, келісімшартқа қол қойған. Алайда туристік агенттіктен хабарласқан жігіт АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа байланысты ұшуға мүмкіндік болмайтынын айтып, 14 күнде ақшаны қайтаратынын айтқан. Дегенмен ақшаны заңсыз иемденген, өз қажеттілігіне жұмсаған, — деді прокурор Сәкен Бертілеуов.

Алданғандар арасында Ақтөбе, Атырау, БҚО, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары бар. Олар Дубай, Жапония-Корея-Малайзия, Мальдив аралдары, Грузия-Түркия-Әзірбайжан, Кения-БАӘ, Қытай, сонымен бірге Италия, Франция, Швейцарияға саяхаттамақ болған. Сотта айыпталушы Еркебұлан Аймұратұлы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Алаяқтық жасамағанын, бірақ қаржылық шығын болғанын айтты.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Тергеу кезінде ақшаның мақсатсыз жұмсалғаны анықталмады деп есептеймін. Кассаға түскен ақша билетке, жатын орынға кетті. Биыл 11-мамыр күні сервер істен шықты. Кейбір адамды демалысқа жібере алмаған соң ортақ чат ашып, ақшаны кері қайтаруды бастадық. Сол сәтте 17 млн қайтару керек болды. Оның 11 млн теңгесі қайтарылды. 6 млн теңге қалғанда мені тергеу изоляторына жауып тастады. Маған мүмкіндік бергенде іс мұндайға дейін бармайтын еді. Сол кезде менің қолымнан келмейтін әлемдік қақтығыстар болды, әуе кеңістігі жабылды. Одан кейін жазда саяхатқа баратын туристердің шығыны қосылды, — деді айыпталушы Еркебұлан Аймұратұлы.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті биыл өңірде туристік агенттіктерге шағымданушылар көбейгенін айтты.