Ақтөбеде әлеуметтік азық-түліктің шекті бағасы бекітіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шекті мәнін бекіту қаулысы жария талқылауға шықты. Онда картоптың келісі 285, қанттың келісі 510 теңге деп көрсетілген.
Ашық НҚА порталында Ақтөбе облысы бойынша 2025 жылғы І тоқсанға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасының шекті мәндері талқыға түсті. Онда бағаның былтырғыға қарағанда көтерілгенін, кейбірінің арзандағынын көруге болады.
Порталдағы мәліметке сүйенсек, 1 сұрыпты бидай ұнының келісі 223 теңге деп көрсетілген. Ал 2024 жылдың ІІ тоқсанында келісі 228 теңге деп бекітілген. Сонымен бірге күнбағыс майының литрі 753 теңгеден аспауы тиіс. Былтыр картоптың келісі 200 теңге деп бекітілсе, биыл бірінші тоқсанда 285 теңге көрсетілген. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәнін бекіту кезінде сәбіздің келісі 255, пияз 241, қырыққабат 222 теңге деп алынды. Қант бағасы 510 теңге деп көрсетілген.
- Ұн бағасын бекіткенде ұн өндіретін, сататын компаниялардан бағаны сұраймыз. Онда ұн өндірудің барлық шығыны қоса есептелген. Бәрін қосып, орташа баға шығарылады. Демек осы тоқсанда базардағы баға келісіне 223 теңгеден аспауы тиіс. Қаулы күшіне енгенде біз осыны талап ете аламыз. Ал қанттың құнын бекіткен кезде көтерме саудадағы бағаны аламыз. Олар өздері сатып алады, жеткізу құнын қосады. Бәрін есептегенде баға 510 теңгеден жоғары болмауыс тиіс. Жалпы баға нарықта бұдан арзан болуы мүмкін, бірақ жоғары бола алмайды,- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Еске салсақ, биылдан бастап өңірде су және жылумен жабдықтау тарифі өзгерді.