Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қашып кеткен тұрғын табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Айтжан Нағашыбай бір аптадан астам уақыттан соң оралды. Ол қайтадан № 2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылды.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 ақпан күні кешкілік қашып кеткен Айтжан Нағашыбай қазір № 2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында.
— Орталық тұрғыны Айтжан Нағашыбай сотқа арыз түсіріп, денсаулығы туралы диагноз қайта қаралып жатыр. Бірінші сот отырысы өтті. Іс әлі қаралып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Айта кетейік, 2020 жылдың қазан айынан бастап сот шешімімен Айтжан Нағашыбай № 2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны саналады. Диагнозы — Ғ20,8 (шизофренияның басқа түрлері — ред.) Ол бұған дейін де орталықтан бірнеше рет қашып кеткен.