Ақтөбеде әлеуметтік нан шығаратын кәсіпорынның бірі жұмысын тоқтатты

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Ақтөбе нан» ЖШС-нің қарызы 170 млн теңгеге жеткен. Кәсіпорын басшылығы қарызды кешіру туралы ұсыныс айтты. 

Ақтөбе қаласында әлеуметтік нанды «Рамазан нан», «Атамекен нан», «Наным нан» және «Ақтөбе нан» ЖШС-і пісіреді. Бұл кәсіпорындардың ішінде қазір «Ақтөбе нан» ЖШС-і жұмысын тоқтатты. Себебі форвардтық келісімшартпен жұмыс істеп отырған «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы І-сұрыпты ұн жеткізуді уақытша тоқтатты. Компанияның үш жылдық бережағы 175 млн теңгеге жеткен. 

– Бізде өндіріс 28 ақпаннан бастап тоқтады. Нан өнімдері ғана емес, макарон цехы да жұмыс істемей тұр. Әлеуметтік нан да шығарылмайды. Себебі «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы ұн тасымалдауды тоқтатты. Олардың алдында қарызымыз бар, оны мойындаймыз. Бірақ оны өтей алмаймыз, тек бар қарызды кешіруді сұрап отырмыз, - деді «Ақтөбе нан» ЖШС директорының орынбасары Сұлтан Ақтаев.

Фото: Алтынай Сағындықова

Форвардтық келісімшарт бойынша «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы жыл сайын ұн жеткізеді. Ұнның келісі 120 теңге деп есептелген. Ал әлеуметтік нан бағасы – 105 теңге. Компания мұның өзін шығын деп есептеп, былтыр нан бағасын 135-136 теңгеге дейін көтеруді сұрады. Өзіндік құнын 125 теңге деп есептеді әрі қосымша табыс табу үшін 135 теңгені құп көрді. Бірақ әлеуметтік нан бағасын көтеруге келісім болмады. Қазір кәсіпорын басшылығы тығырықтан шығар жолды білмей отыр.

– Бізде шығарылатын өнімнің 76% - әлеуметтік нан. Бұрыннан солай. Компанияның 50 жылдық тарихы бар. Өзге өнім болса компания шығанын жаба алмайды. Шығын жаба алмаған соң нан комбинатындағы құрал-жабдық, технология жаңармады. Сөйтіп қарызымыз жинала бастады. Бізге төле деп талап етіп жатыр. Ал бізде ақша жоқ, өндірісті тоқтатуға мәжбүр болдық. Мұнда 148 адам жұмыс істейді. Әзірге тек еңбек демалысына жібере аламыз. Әрі қарай не болары белгісіз? Жұмысшылардың орташа айлығы – 119 мың теңге. Жалақы екі жылдан бері көтерілмеді. Облыс басшылығымен кездесіп, қарыз туралы талқыласақ дейміз. Кері байланыс болмаса, жұмыс тоқтайды. Шынымды айтсам, тығырықтан шығар жол көріп тұрғаным жоқ. Бұл жерде кезекті тұрғын үй, мейрамхана немесе сауда үйін салатын күйге жетті, - деді ол.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ал, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы қарызды бөліп төлеу туралы ұсыныс айтты.

– «Ақтөбе» ӘКК» АҚ бұл кәсіпорынға І-сұрыпты ұн тасымалдайды. «Ақтөбе нан» секілді бізде «Рамазан нан», «Атамекен нан», «Наным нан» ЖШС-і бар. Соның ішінде «Ақтөбе нан» ЖШС-нің қарызы 170 млн теңге. Бұл үш жылдық қарыз. Кәсіпорын басшылығына қарызды бөліп төлеу, жаңа кесте жасау жөнінде ұсыныс бердік. Әзірге нақты жауап жоқ, - деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ департамент директоры Тимур Биманов.

Айта кетейік, Ақтөбеде игерілуі тиіс 865 мың гектар жердің 506 мың гектарына дәнді дақыл егіледі. Егіс науқанына 49 мың тонна тұқым қажет болса, оның 90%-ы дайындалды. Көбі бірінші сыныпты тұқым.