Ақтөбеде алты айда 2 мыңнан астам ірі қарадан бруцеллез анықталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ірі қарамен қатар 400-ден астам қой-ешкіден де бруцеллез анықталды. Малдан ауру шыққан аулалар залалсыздандырылды. 

Ақтөбеге биыл 7,5 млн вакцина әкелініп, аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы ауруға қарсы егу жұмыстары жүріп жатыр. Сібір жарасы, қарасан, аусылға қарсы екпе жасалды.

– Биыл 6 айда 440 870 бас мүйізді ірі қарадан қан алынып, бруцеллездің бар-жоғы тексерілді. Оның ішінде 2 277 ірі қарадан ауру анықталып, ветеринарлық талапқа сай жойылды. Сонымен бірге 739 мың бас қой-ешкіден қан алынып, 418-інен бруцеллез анықталды. Ауру шыққан 633 аулаға, яғни 17 000 шаршы метрге дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді, - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов. 

Ақтөбе облысында 122 Сібір жарасы көміндісі мен 56 типтік мал қорымы бар. Сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай 1,5 метрлік қоршаумен қоршалып, күтіп ұстауға бюджеттен 18 млн теңге қарастырылды. Ветеринарлар мен эпидемиологтар жыл сайын топырақ сынамасын алып, тексеріп отыр. Биыл 800 топырақ сынамасы теріс нәтиже көрсетті. 

Айта кетейік, облыста 655 мың мүйізді ірі қара, 1,3 млн қой-ешкі мен 378 мың жылқы бар. Биыл Ақтөбеде 129 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Шаруалар мен фермерлерге алдын ала ескерту беріп, түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Егер мақсатты игермесе, мемлекет қайтарып алады.