Ақтөбеде анасы мен үш баланың денесі табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Алдын ала болжам бойынша бір отбасындағы төрт жан иіс тиіп улануы мүмкін. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданында жеке үйден 1993 жылғы әйел мен оның 2015, 2020 және 2023 жылы туған үш баласының денесі табылды. Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиевтің айтуынша, оқиға бүгін сағат 12:00 шамасында анықталды.
- Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаның себебі табиғи газдан улану болуы мүмкін. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Түпкілікті қорытынды сараптамалардың нәтижесі бойынша жасалады. Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады,- деп хабарлады Әсет Қалиев.
Қазіргі кезде жергілікті әкімдік комиссия құрды.
- Ақтөбе облысының әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды. Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады, - деді Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов.
Айта кетейік, желтоқсанда Атырауда үш адам газдан уланып, көз жұмды.