Ақтөбеде анасына араша сұраған бес бала баспанамен қамтылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Есболатовтар отбасындағы 5 баланы баспанамен қамту мәселесін Ақтөбе қаласы әкімдігі шешеді. Облыс әкімі Асхат Шахаров тапсырма берді.
Ақтөбе әкімдігінде балалар қауіпсіздігі, арнайы мекемелердің жауапкершілігі мәселесі қаралды.
- Бес баланың тағдыры. Мәселені өздері жеткізіп отыр. Бес баланы орналастыру керек. Қалған мәселелерді біз қолға аламыз, одан бас тартпаймыз. Біз үшін ең маңыздысы - бес баланың болашағы. Егер заң бұзушылық болса, жауапқа тартылады. Балалардың тағдыры тікелей бақылауымда болады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі Ақтөбе қаласының әкімдігі бес балалы отбасыны баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс екенін хабарлады.
Еске салсақ, Есболовтар отбасындағы 5 бала қазір өздерін қолдаған еріктінің үйінде тұрады. Ал анасы Жұлдыз Тлеуф өзінің жүйке ауруына шалдықпағанын растау үшін Алматыдағы емдеу орталығында тексеріліп жүр. Отбасының тұңғышы Құралай Есболатова осы жағдайға жеткізгендердің жауапқа тартылуын сұрады.