Ақтөбеде археологиялық ескерткіштердің картасы жасалады
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында экономикалық және саяси жаңғырудың өзегі қоғамдық сананы жаңғырту екенін айтты. Президент ұсынған стратегиялық міндеттерді шешу үшін тарихи және мәдени жадыны регенерациялау механизмін жасау кезек күттірмейтін іс. Жаңа мәдени-идеологиялық жобаларды, оның ішінде жалпыұлттық киелі жерлерді халық санасына сіңіруге бағытталған «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жұмыс Ақтөбе облысында бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарында зерттеу, саралау, түгендеу жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштердің тізімі анықталды. Мәселен, Қарғалы ауданында 100-ден астам ескерткіш тіркелсе, қайта тізімге алу кезінде 21 ескерткіштің жоқ екені анықталған. Яғни, жылдар өте шөгіліп, жермен тегістеліп кететін киелі орындарды анықтау кейде қиындық туғызады екен.
«Жер қойнауын пайдаланушылар тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар жер учаскелеріне археологиялық-этнографиялық сараптамалық актілерді алмаған. Яғни, кәсіпкер өз иелігіндегі жерде тарихи ескерткіш бар екенін білмей жатады. Жер жырту, пайдалану кезінде бүлініп, бұзылып, кейде жойылып жатыр. Қазіргі кезде Байғанин ауданындағы Асан-Қожа, Дәуімшар, Қарасақал қорымдары мен Хромтау ауданындағы Ойсылқара секілді бірегей архитектуралық ескерткіштерді де өз бетінше зерттеп жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізулері нәтижесінде бүліну фактілері де тіркелді»,- деді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов.
Ақтөбеде ескерткіштердің нақты саны белгісіз. Қазіргі күні инспекция мемлекеттік тізімге енген ескерткіштердің орналасқан орындарын анықтау, тізімін жасау мен құжаттарын ретке келтіру жұмысын атқарып жүр. Ақтөбе жеріндегі ең көне ескерткіш тас дәуірінен қалған Төлеубұлақ үңгірі болып табылады. Үңгір Мұғалжар ауданында орналасқан. Сонымен қатар, Қобда ауданындағы Абат-Байтақ ескерткіші бар.
«Батыс Қазақстандағы бірегей және сирек кездесетін сәулет өнерінің ескерткіші - Абат-Байтақ. Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Бесқопа ауылының шығыс беткейіндегі ескерткіш Арал - Каспий аймағының солтүстік бөлігіндегі аса ірі кешен. Кешенге атау берген Абат-Байтақ мавзолейі орта ғасырлық сәулет өнерінің аса әйгілі ескерткіші екені даусыз. Күйдірілген кірпіштен салынған және шошақ «шатырлы» күмбезді кесенелердің бірі. Бұл ескерткіш тұңғыш рет П.И.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде келтіріліп, онда 1750 жылы инженер-подпоручик Ригельман Қарасу өзені Үлкен Қобдаға құятын сағада «Пирамида тәрізді салынған қырғыздар Астанасы деп атаған біршама тастан қашалған құрылыстар тауып, суретін салып және мұнда белгілі адамдар жерленгені, солардың бірін олар Байтақ деп атайтыны» жазылған.
Өкінішке қарай, бұл деректердің тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. Кейін ХІХ ғасырдың аяқ кезінде ғана осы ескерткішті Я.Я.Полфёров негізінен аңыз ретінде сипаттаған. Біздің дәуіріміздің ХІҮ- ХҮ ғасырларында салынған Абат-Байтақ кесенесі туралы алғаш рет ХІХ ғасырда француз саяхатшысы Жозеф Кастанье қорымда болып, мәлімет берген. Жозеф Кастаньенің «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде жарық көреді. Одан кейін ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында белгілі зерттеуші М.Мендіқұлов зерттеу жұмыстарын жалғастырып, 1979-1980 жылдары Қазақ КСР Министрлігіне қарасты «Қазреставрация» бірлестігінің қызметкері Серік Әжіғалиев зерттеген. Осы жолы ескерткіш ғылыми тұрғыдан іс жүзінде қайта ашылды. Абат-Байтақ мавзолейі - Еуразия даласындағы мемориалды сәулетшіліктің аса бағалы ескерткіші. Қазақстан жерінде сақталған бірегей дерлік порталды - күмбезді шатырлы мавзолей болып саналады. Күйдірілген кіршіптен қаланған. Мұндай кесене бұрын Ұлы далада, Орта Азияда, Поволжье жақта, Әзербайжанда болған»,- деді Фархад Досмұратов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы Әбілқайыр хан, Есет батыр және Қобыланды батыр ескерткіштеріне тарихи-антропологиялық, генетикалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Үш ескерткіш жаңарып, мемориалдық кешен салынды. Қазіргі кезде киелі орындарға барып, ата-баба рухына тағзым етуге ниет білдіргендер арнайы сапар шегеді. Сонымен қатар, Ойыл ауданы аумағындағы 160-қорғаннан тұратын қола дәуіріне жататын «Құмсай» қорымы еліміздегі ең ірі қорымдардың бірі болып саналады. Облыстық инспекция ескерткіштерді түгендеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Әсіресе, жойылып кетудің алдында тұрған ескерткіштерді қазу жұмыстарына басымдық беріледі. Өңірдегі киелі жерлерді нақты анықтап, саралау үшін облыс әкімінің шешімімен арнайы ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды. Кеңестің құрамына жауапты басқарма басшылары, ғалымдар, өлкетанушылар, білікті мамандар енгізілген. Ғылыми-кеңес мүшелері Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен іріктеу критерийлері негізінде Ақтөбе облысы аумағындағы киелі жерлердің тізімін анықтап, халыққа тарататын болады.