Ақтөбеде ашық қалған құдық пен қаңыраған ғимараттарға кім жауапты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Балалар үшін құрылысы бітпеген нысан, қирап қалған ғимаратпен қатар қазір құдықтар да қауіпті болып тұр. Ақтөбеде болған қайғылы оқиғадан соң Kazinform тілшісі жауаптыларды іздеді.
Оқушы мен жаттықтырушы өлімі
Биыл маусымда Байғанин ауданы Жарлы ауылында 9 жастағы оқушы қыз құдыққа құлап кетті. Тереңдігі 10 метр болатын құдықты бұрын үй иесі қолданса, кейін жарамсыз болып, қоқыс «жәшігіне» айналған. Содан ішінде улы газ түзіледі. Оқушыны құтқармақ болған жаттықтырушы да құдықтан шыға алмай қалды.
Бұл — ауыл тұрғындарының көз алдында болған жағдай. Тек арнайы мамандар, құтқарушылар ғана олардың денесін алып шықты.
Мұндай жағдай тек балалар арасында емес, ересектердің албырттығынан, өз-өзіне деген сенімнен де болып жатады. Содан кейін ауданда не өзгерді? Әкімдік, эпидемиолог, полиция қызметкерлері бірігіп, ауылда аралап, ескерту жасады.
— Үйінің құдығын жаппаса, қоқысты жинамаса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда біз қайғылы оқиғадан кейін «Абайлаңыздар!» ақпараттық парақшасын тараттық. Ауданда 9 ауылдық округ, 22 елдімекен бар. Оның 20-да орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылған. Ал 2-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ауданда ауыз сумен қамту көрсеткіші осы. Дегенмен ауданда бұрын қазылған, сақинасы салынған құдықтар бар. Ауылдық округ әкімдері ол құдықтардың бетін жапты. Сонымен бірге тұрғындарға таза ұстау, шашпау жөнінде айтылды. Бұл құдықтарды бітеп тастамаймыз. Су алуға мүмкіндік бар, тек шелекке сыятын саңылау қалдырады. Тіпті құлыптап та қояды. Әзірге ол құдықтардан су алуға қажеттілік жоқ. Қазір аудан бойынша 17 құдық бар. Оның көбін тұрғындар өзі қоршап алып, иемденден. Тек 4 құдық көшеде тұр. Бәрінің беті жабылған, — деді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов.
Оның айтуынша, жеке тұрғын үй аулаларындағы құдықтарға адамдардың өзі ғана жауапты.
Жаднамада «Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында ауыл аумағында орналасқан су құдықтары мен тұрмыстық ағын суларға арналған құдықтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек.
Құдықтардың беті міндетті түрде жабық болуы тиіс. Ал техникалық жай-күйі санитарлық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарына сай келуі керек. Сондықтан барлық тұрғынға су және кәріз құдықтарын тез арада талапқа сай келтіру міндеттеледі» деп жазылған.
Егер талап орындалмаса әкімшілік жауапқа тартылатыны ескертілген. Алайда әкімдік қай заңға сүйеніп, жауапқа тарту болатынын айтпады.
— Көпшілікке ортақ құдықпен қатар тұрғын үй ауладарындағы құдық иелеріне де түсіндіру жүргізілді. Алдымен ескерту берілді, ешкім әкімшілік жауапқа тартылмады. Тек бүгін жабық тұрған құдықты, ертең ашып та кетуі мүмкін. Ал қайғылы жағдайға немқұрайлылықтан, қараусыз қалғаннан болған. Оқиға орнына өзім де бардым, көрдім. Аудан әкімдігі отбасына қолдау көрсетті, алдағы уақытта да демеп отырамыз. Балалары кішкентай, ал жаттықтырушы 2017 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барып, ауыл балаларын түрлі жарысқа дайындады. Өте өкінішті, — деді Әсет Жеткізгенов.
Төтенше жағдай қызметі жауапты емес, эпидемиологтар назарда ұстайды
Құтқарушылар оқиға болған күні денені алып шықты. Төтенше жағдайлар қызметінің де міндеті осы — көмектесу. Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, құдыққа иесі мен коммуналдық мекемелер, операторлар, ПИК жауапты.
Ал қауіпсіздікті бақылау — жергілікті әкімдік пен тиісті ұйымдардың міндеті.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер жолдағы құдық қақпағы ашық қалса, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 632-бабы, яғни «Қазақстан Республикасы заңнамасының жерасты коммуникацияларының қарау құдықтарын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарын жол жүрісі қауiпсiздiгiне қатер төндiре отырып орындамау» бабы негізінде жауапқа тартылады.
Тарқатып айтсақ, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 10, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 20, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Бір жылда қайталанса, айыппұл көлемі артады. Сонымен бірге адамдардың денсаулығына жеңiл зиян келтірсе, жеңіл және жүк көліктеріне зақым келсе айыппұл еселенеді.
Ал аулада, үй маңында болса 505-бабы, яғни «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабы аясында жауапқа тартылады.
Мұнда алдымен ескерту жасалады, жеке тұлғаларға 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Эпидемиологтар болса су сапасына жауапты. Алайда жеке үйлердің құдықтарын тексеру мүмкін емес.
— Жекенің қолындағы құдықтар мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесіне кірмейді. Сондықтан жеке үй иелігіндегі құдықтарға тексеру және санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу мүмкін емес. Алайда құдық иесі кез келген аккредиттелген зертханада судың сапасын ақылы тексерте алады. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көзін жою кезінде су пайдаланушы су көзіне тампонаж жүргізеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Хабарламада тампонажға да түсініктеме берілген.
«Орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз суға арналған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» атты 2-параграфта
Тампонаж:
1) сулы қабаттың оқшаулауы жеткіліксіз болған кезде құдық суының сапасы төмендеген;
2) бетон шегендеу сақиналары деформацияланған немесе бұзылған;
3) су жинау нүктені пайдалануға қажеттілік болмаған;
4) әртүрлі су көкжиектерінің, мысалы, шоғырлануы жоғары металдар мен тұздардың тұщымен араласуының алдын алу;
5) геологиялық және техникалық ақау анықталған;
6) бұрғылау және жайластыру өрескел бұзушылықтармен болған жағдайда көздің ластануының алдын алу;
7) су жинау нүктенің өнімділігі төмендеген және жаңасын құру мүмкіндігі болмаған кезде жүргізіледі.
Қаңырап қалған ғимараттар да қауіпті — Жайық Сұлтан
Қазіргі кезде құдықтар ғана емес, бос тұрған ғимараттар да қауіпті. Облыстық білім басқармасының экс-басшысы, PhD, халықаралық білім сарапшысы Жайық Сұлтан қаңыраған ғимараттар мен бала қауіпсіздігінің арасында байланыс бар екенін айтады.
— 1982 жылы Джеймс К. Уилсон мен Джордж Келлинг «Сынған терезе теориясын» (broken windows theory) ұсынған болатын. Теорияның басты идеясы — кез келген ұсқынсыздық (мысалы, сынған терезелер, азып-тозған ғимараттар, күл-қоқыс) адамдардың ортаға деген жауапсыздығын күшейтіп, тәртіп бұзудың артуына жол ашады. 1990-2000 жылдары Нью-Йорк полициясы «Сынған терезелер» қағидатын қолдана отырып, ұсақ құқық бұзу фактілерімен жүйелі түрде күрескен. Соның нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейі шамамен 56%-ға төмендегені белгілі болған (NYPD статистикасы). Гарвард университетінде жүргізілген бірқатар социологиялық зерттеулерде (Wilson & Kelling негізінде) бала психологиясына қараусыз қалған ғимараттар мен лас көшелердің теріс ықпал ететіні байқалған. Мұндай ортада өскен балалардың бейәлеуметтік іс-әрекетке бейімділігі орташа есеппен 25-30%-ға жоғары екені атап көрсетіледі. UNICEF мәліметінше, инфрақұрылымы нашар, қараусыз қалған ауданда тұратын балалардың мектептегі үлгерімі де төмендеп, ерте жастан құқықбұзушылыққа ұрыну қаупі артады, — дейді ол.
Айтуынша, кейін дәл осындай жағдай Ақтөбеде де тіркелген. Мәселен Темір ауылы Қопа ауылында оқушы өлімі дәл осындай бос тұрған монша маңында болған.
Ол кезде жоғары сынып оқушылары әлімжеттік жасап, жасы кіші балаларды ұрып-соққан еді. Бір оқушы сол жерде көз жұмды. Қазір іс бойынша сот өтіп жатыр. Сотталушылар арасында оқушылар да бар. Жайық Сұлтанның айтуынша, білім саласында мұндай нысан саны 100-ден асады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, білім саласынан өзгелерде қаңырап қалған ғимараттардың тізімі жасалмаған.
Облыстық білім басқармасы салаға тиесілі 20 нысан бос тұрғанын айтады. Оның екеуі ғана сүрілген. Бос ғимараттар қазір аудандық білім беру ұйымдарының балансында.