Ақтөбеде ауыл әкімінің қолындағы қызғалдақтың түрін анықтау үшін сараптама тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның қолында қызғалдақтың қай түрі болғанын анықтау керек. Судья бүгін сараптама тағайындап, істі уақытша тоқтатты.
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты іс жалғасты.
Онда судья шешімді оқыды.
- Сотқа Мұғалжар ауданы әкімінің мінездемесі түсті. Мінездеме бойынша Л.Бердібаеваның қызмет барысында ешқандай тәртіптік жазаға тартылмағаны, жұмысын жақсы атқаратыны, халықпен сыйластықта жұмыс істейтіні көрсетілген. Әкімшілік істі қарау барысында сот келесі шешімге келеді. Ләззат Бердібаеваға қатысты толтырылған хаттамада көзделген негіздерді жан-жақты және обьективті қарау үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 757, 777, 824, 829 баптарын басшылыққа алып, сот өз бастамашылығымен қызғалдақтардың түрін анықтау үшін арнаулы сараптама тағайындауға ұйғарды. Сол себептен әкімшілік істің қаралу мерзімі сараптама аяқталғанға дейін тоқтатылады,- деді судья.
Айта кетейік, сәуір айының соңында Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның қызғалдақ ұстап отырған фотосы әлеуметтік желіге жарияланды.
Кейін әкімнің қылмыстық емес, әкімшілік жауапқа тартылатыны белгілі болды.
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында қаралып, Ләззат Бердібаеваға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127 бабы 1 бөлімі бойынша хаттама толтырылғаны айтылды. Алайда ауыл әкімі өз кінәсін мойындамады.