Ақтөбеде аулалар мен көшелерді су басып жатыр

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында күн күрт жылынып, жаңбыр жауды. Төтенше жағдайлар қызметі жиналған еріген қар мен жаңбыр суын сору жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында су тасқының алдын алу, көшеге, аулаға, жертөлеге жиналған қар мен жаңбыр суын шығару жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бір тәулікті 38 мың текше метр су сорып алынған.

«Су тасқынына қарсы күрес штабы үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Барлығы 251 тұрғын телефон шалды. Олар аулаға, аула маңына су жиналғанын айтып, көмек сұрады. Қазіргі кезде 221 шақыруға барып, көмек көрсетілді. Барлығы 1800 текше метр қар шығарылып, 38 мың текше метрден астам су сорылды. Құм төселді. Бұл жұмыстарға ІІД, ТЖД, жергілікті атқару органдардың 282 жұмысшысы жұмылдырылды. Қала көшелеріне 120 техника шығарылып, жұмыс жалғасып жатыр»,- деп хабарлады Өңірлік коммуникациялық қызметі.

  

Айта кетейік, облыстық ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, Сазды өзені маңындағы сайжайда тұратын төрт тұрғын эвакуацияланған.