Ақтөбеде автобус пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам ауруханаға жеткізілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында №29 бағыттағы автобус пен жүк көлігі соқтығысты.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, №29 бағыттағы автобус соңғы аялдамадан қозғалған.
– Ақтөбе-Орск тасжолында автобус пен жүк көлігі арасында жол-көлік оқиғасы болып, жүргізуші мен жолаушылар ауруханаға жеткізілді. Облыстық Полиция департаменті жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Оқиға орнына жедел жәрдем барып, зардап шеккен 4 адамды қарап шықты.
– Автобустың 32 жастағы жүргізушісі жабық бас-ми жарақатымен Ақтөбе облыстық көпсалалы аурураханаға жеткізілді. Сонымен бірге 55 жастағы жолаушының оң жақ иығы шығып кеткен. Ол да ауруханада жатыр. 73 жастағы қария жабық бас-ми жарақатын алды. Оң жақ иығының буындары ауырып, дәрігерлерге қаралды. Кейін ол да облыстық көпсалалы аурухағана жеткізілді. Ал, жүк көлігінің жүргізушісі дәрігерге қаралмады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 400-ден астам жол-көлік оқиғасы болып, онда 94 адам көз жұмды.