Ақтөбеде «Айбын» әскери-патриоттық спартакиадасы басталды
Ақтөбеде әскерге дейінгі жасөспірімдер арасындағы «Айбын» әскери-патриоттық спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төрт күнге созылатын спартакиаданың басты мақсаты – жасөспірімдерді нағыз әскери өмірдің қыр-сырымен таныстырып, патриоттық тәрбиеге бағытталған жарыстар ұйымдастыру.
Жоба ұйымдастырушылары – Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы және Ақтөбе қаласының білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, жалпы спартакиада пневматикалық винтовкадан нысана көздеп ату, биік кермеге тартылу, 1000 метр кросс жүгіру бағыттары бойынша өтеді.
Сонымен қатар ұйымдастырушылардың мәліметінше, командалық жарыс нәтижесінде апта соңында әр бағыт бойынша 1, 2, 3 орын жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтар табысталады.
Жалпы жарысқа 18-22 қыркүйек аралығында облыс бойынша 105 мектептен 1 000-нан аса оқушы қатысады.