Ақтөбеде әйелді кепілге алған күдіктінің ісі бойынша алдын ала тыңдау өтетін күн белгілі болды

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сот алдын ала тыңдау күнін 26 мамырға белгіледі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен іс қазақ тілінде өтеді.

- Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсіп, алдын ала тыңдау 26 мамыр сағат 10:00-ге тағайындалды. Істің тілі – қазақ тілі. Судья – Жәнібек Сейтжапаров, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті.

Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді.

Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады. 

Прокуратура күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 1,3,5 тармақтары (Екi немесе одан көп адамды өлтіру), 126-бабының 2-бөлігінің 3,4 тармақтары (Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айыру) және 107-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша айып тағылғанын хабарлады.